Қазақстандық блогер қытайлықтардың ашуын туғызды. Көпшілікті күлкіге қарық қыламын деп жүрген желі қолданушысы жаза басуы бек мүмкін. Шығыстағы көршілеріміз оның орынсыз, әзіл бейнежазбалары үшін айыптап, жауап беруін талап етіп отыр.
Ойнаймын деп от басып жүрмеңіз. Қазақстандық блогер қытайда бейнеролик түсіремін деп басы дауға қалды. Ол әлдебіреудің телефонын алып, оны бейтаныс адамның қалтасына салып жіберген. Кейін ұрлық жасады деп айыптап, аң-таң болған тұрғынның әсірін түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Енді орынсыз әзілі опық жегізуі мүмкін. Қытай халқы блогердің бұл қылығын түсінбей, жауап беруді талап етіп отыр.
Вероника Боярова, журналист:
– Қытайда қауіпсіздікке аса мән беріледі. Әуежайға келсеңіз, толық тексеруден өтесіз. Метроға да кіруде мұқият тексеріс жүреді. Көптеген орындарға тек төлқұжатпен ғана кіре аласыз. Мысалы, концертке бару үшін міндетті түрде жеке құжатыңыз қажет. Сондықтан мұнда қауіпсіздік деңгейі өте жоғары. Қытайлықтар тәртіпке қатты мән береді, сол себепті мұндай тыныштықты бұзған кез келген адамға олар өте өткір реакция танытады.
Бойжеткен мұнымен тыйылмады. Кейін көпшіліктің көзінше ер адамдарға қырындап, қол жүгірткен. Көңілін күдік пен үрей билеген жәбірленушілер таңдасынын жасыра алмады. Ал жергілікті билік мұндай әзілдің арты жақсылыққа соқпайтынын ескеркен.
Қытайдың 163.com порталының мәліметінше, жергілікті полиция тұрғындардың шағымын қабылдап, мәселенің мән-жайын майшаммен зерттеп жатқан көрінеді.
Қалың қарашаның қаһарынан қорықты ма, қазақстандық қыз бұл жазбаларын желіден өшіріп, оларды таратпауын сұрады. Кейінірек қыз Қытайда түсірілген барлық видеоларды әлеуметтік желіден өшіріп, оларды таратпауды сұрады.
– Қалжың бейнежазбаларды қытайлық блогерлер де жиі түсіреді. Дегенмен барлық видео тек заң аясында таспаланады. Себебі шекарадан шықса, жаза басатынын жақсы біледі.
Желіде жылдам жұлдыз болуды көздеген блогерлер бізде де бар. Иә, елде алдаймын деп аңдамай әрекет ететіндер көп. Мәселен, мына бейнежазбада жеделсатыға мәйт салынған табытты кіргізген. Енді бірде жуан жұдырықтының рөліне кіріп, қоқан лоқы көрсеткен.
Сайраш Жүкенова, заңгер:
– Егер алданған адамның денсаулығына зиян келсе, жеке шекараны бұзса, онда бұл заңбұзушылық болып саналады. Блогер түсірілімге рұқсат алмаған жағдайда ол әзіл болса да, адам өзін видеода көргісі келмеуі мүмкін. Мұндай жағдайлар кездеседі.
Жуырда желі белсенділері жұртты тағы әбігерге салды. Екі жас қоқысты арнайы жәшікке салмай, тазалық қызметкерлерінің ескертпесін ескермеген. Тіпті балағаттап, доқ көрсеткен.
Ал артынша әлгі әйелге 5 мың теңге ұсынып, әзіл екенін әшкерелеген. Дегененмен дүйім жұрт желі қолданушысын жазалау керек екенін ескертіп, талап қойған. Қазір блогерлердің үстінен іс қозғалып, жігіт 10 тәулікке қамалды. Ал бейнежазбадағы бойжеткен айыппұл арқалады.
– Жәбірленуші сотқа шағымданып, моральдық және материалдық шығынды өтеуді талап ете алады. Видеолар әлеуметтік желіде немесе жаңалықтарда таралған болса, бұл ақпаратты заңсыз таратуға жатады. Мұндай жағдайда қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
Иә, әлеуметтік желідегі әзіліңіз сізді заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды. Орынсыз қалжын үшін жаза басуыңыз бек мүмкін.
Шыңғыс Әлекешев, ҚР ІІМ ресми өкілі:
– Қатыгез пранктер мен қауіпті трюктер – бұл өнер емес, заң шеңберінен шығу. Мұндай контент авторларына түсірмес бұрын салдарын ойлауға үндеу жолдаймыз. Өмірде де, интернетте де басқалардың сезімі мен қауіпсіздігін, жеке кеңістігін құрметтеңіздер.
Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны, арандатушылық пен ар-намысқа нұқсан келтіргені үшін әкімшілікте қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын. Құқық қызметкерлері осылай дейді. Айтайық, жыл басынан бері осындай әрекеттері үшін 24 адам жауапқа тартылған.
Шернияз Жалғасбекұлы, Рауль Габитов