Елімізде азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары тиісті деңгейде жүзеге аспай тұр
Бұл туралы Премьер-министр айтты. Әлихан Смайыловтың сөзінше, елімізде өнім көлемі бар. Өндірушілер келісімшарт жасауға дайын. Бірақ 26,3 млрд теңге игерілмей, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың шоттарында жатқан көрінеді. Бұған дейін айтылған «Айналым схемасын» қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту шараларын 10 өңір әлі орындамаған. Ортада жүрген артық делдалдарды анықтау жұмыстары назардан тыс қалған. Соның салдарынан баға өсіп барады. Қазір Үкімет азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және жанар-жағармаймен қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін әзірледі.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
-Баршаңызға белгілі жанар-жағармай нарығындағы ахуал аса күрделі. Мұндай жағдай орталық пен өңірлердің арасында өзара үйлесімді жұмыстың болмауынан орын алып отыр. Атап айтсақ, Энергетика министрлігі мен Қаз Мұнай Газ тарапынан логистика, мұнай өңдеу зауыттарынан өнім жөнелту, өңірлерге қажет мұнай өнімдерінің көлемі бойынша нақты түсінік пен үйлесімділік жоқ. Қазақстан Темір Жолы мұнай өңдеу зауыттарына цистерналарды уақытылы жеткізбеген. Тыйым салынғанына қарамастан, бензин мен дизель отыны басқа тауарлар ретінде сыртқа шығарылып отырған. Мысалы, пешке арналған отын экспорты 11 есеге өсті. Демек Энергетика министрлігі бұған тиісінше бақылау жүргізбеген.