Хабар телеарнасы

Премьер-министр мүгедектерге арналған пандустар мен төмен түсіру құрылғыларын сынға алды

Премьер-министр Олжас Бектенов мүгедектерге арналған пандустар мен арбада отырған адамдарды төмен түсіру құрылғыларын сынға алды. Біздегі нысандардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділік деңгейі әлі де 45% аспайды. Ал ондай жандарды жұмыспен қамту деңгейі де төмен. Өңірлерде ол 50%-ға да жетпейді. Ал балалар арасында мүгедектік өсіп барады. Бүгін Үкіметте осы мәселелер қаралып, шешу жолдары пысықталды.

Қазір елімізде 732 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 27% зейнеткер, 15% балалар. Басым бөлігі 57% еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Олардың бірқатары ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, өндіріс, халыққа қызмет көрсету сынды салаларда жұмыс істеп те жатыр. Арасында мемлекеттік қызметшілер мен басшылық қызметтегілер де кездеседі. Бірақ жалпы алғанда жұмыспен қамту деңгейі 50% да жетпейді. Мамандардың пайымынша, кәсіпкерлер белсенді болса мәселе шешіледі. Яғни бизнес иелері мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа алу міндеттемесін орындауы қажет.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Кәсіпорында қанша адам жұмыс істейді. Егер 50 кісі болса, квотамен орын 2% болу керек және 150 орын болса кәсіпкер 4% мүгедек азаматтарға беру керек. Біз ол квотаны орындамай отырған кәсіпкерлердің тізімін жасадық. Негізі ең бірінші сіздерде квота орындалмай отыр деп SMS арқылы үндеу жасаймыз.

Істеліп жатқан жұмыс жоқ емес, бірақ мәселелер әлі де бар. Оның тағы бірі - қолжетімділікті жақсарту. Үкімет басшысы арнайы лифтілер мен көтергіштердің жұмыс істемейтінін, биік бордюрлерден адамдар жолдан өте алмайтынын баса айтты. Мәселен, биыл мемлекеттік органдарға мүмкіндігі шектеулі жандардан 16 мыңнан аса өтініш түскен.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Объектілердің қолжетімділік деңгейі әлі де 45% аспайды. Ірі қалалардың өзінде көзге көрінетіндей нәтиже жоқ. Яғни қолайлы орта қалыптастыру бойынша жасалып жатқан жұмыстарда көзбояушылық көп. Объектілерді мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың ыңғайына қарай бейімдеу жұмысын күшейту қажет. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыстың сапасы мен жауапкершілікті арттыру үшін қолданыстағы стандарттарды қайта қарауды тапсырамын. Нормалардың сақталуын бақылау қажет.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев болса инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту бойынша есеп берді. Мектептердің 88%, ал колледждердің 80% инклюзивті оқыту үшін жағдай жасалған.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

-Былтырғы жылмен салыстырғанда педагог-ассистенттер саны 1 мыңнан 2,5 мыңға артты. Мектепке дейінгі ұйымдарда да «педагог-ассистент» лауазымы енгізілуде. Келесі жылдан бастап педагог-ассистенттер колледждерде дайындауды бастайды.

Соңғы 3 жылда балалар арасындағы кемтар туу көрсеткіші 11% өскен. Жүйке жүйесі аурулары, туа біткен ақаулар, психикалық бұзылулар жиі кездеседі.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Негізі өсу себептері ерте диагностика әдістерінің қайта қаралуы. 2021 жылдан бастап аутизмге байланысты жаңа скрининг енгізілді. Осыған байланысты әлі проблемалар бар. Бұл туа біткен аномалияның әлі де жоғары болуы.  Қазір 10 өңірде жүкті әйелдерді клиникалар арқылы бір күнде генетикалық және туа біткен ақауларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін жұмыс басталып кетті. Осыған уақытқа дейін 23 мың әйел тегін толық қаралды. Осындай жұмыстар жалғасады. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Ерте диагноситка өте маңызды. Осы бағыттағы жұмысты күшейтіңіздер.

Бұл мәселе бойынша тиісті іс-шаралар мен ғылыми тұрғыда терең зерттеулер жүргізілмек. Сондай-ақ жүкті әйелдерді скрингтен өткізуге басымдық берілетін болды.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Қанат Әбілдин