Республика күні ұлттық мереке болады
Тастағаны былай тұрсын, заң жобасын қарап мақұлдады. Маңызды құжатқа сүйенсек, 1 желтоқсаннан бастап Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мереке тізімінде болмайды. Ал 25-ші қазанды «Республика күні» деп бекіту көзделген. Өзгерістердің астарында не жатыр?
Жазғы демалыстан кейін қызметтеріне кіріскеніне бір апта ғана болған мәжілісмендердің жұмыс кестесі тығыз. Осымен жаңа сессиядағы екінші рет жалпы жиналыстарын өткізді. Күн тәртібінде 14 заң жобасы қаралды. Қызу талқыға түскені, нақтырақ айтқанда қоғамды елең еткізгені Тұңғыш Президент күнінің статусы туралы болды. Ұсынылған құжатқа сай 1 желтоқсан мемлекеттік мереке тізімінде болмайды. Бірақ «қоғамдық жоғары маңызы бар дата» ретінде қалады.
Жанарбек Әшімжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Біздің әріптестер осы норманы ұсынды. Ол жұмыс тобында талқыланды және оны депутаттар құрамы, жұмыс тобының мүшелері қолдады. Әлеуметтік желіде болсын, кіші жиындарда болсын, қоғамда болып жатырған осы Тұңғыш Президентке қатысты әртүрлі ұсыныс-тілектер айтылып жатады. Саяси астары жоқ деп есептеймін мен.
Заңға енгізілгелі жатқан жалғыз өзгеріс бұл емес. Депутаттар: «Біз басқа күнді көлеңкеден алып шығуымыз керек»,– дейді. Меңзегендері 25-ші қазанды «Республика күні» етіп заң жүзінде бекіту.
Себебі 1990 жылдың 25-ші қазанында егемендік декларациясы қабылданған. Ол 2009 жылға дейін «Республика күні» ретінде аталып келді. Кейін бұл мереке күнтізбеден түсіп қалды. Енді сол мерекеге ұлттық мейрам мәртебесі қайтарылады. Бұл туралы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы айтқан болатын.
Жаңа өзгерістерге сай 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде қала береді.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Жалпы идеология жағынан екеуінің де мақсаты бір ғой. Себебі бұл мемлекеттің тұтастығына, егемендігіне, тәуелсіздігіне бағытталған дүниелер. Біріншісі – біздің республиканың құрылған күні. Екіншісі – тәуелсіздікті алған күн. Сондықтан бұл мерекелер қазақстандықтардың басын біріктіретін мереке болу керек деп есептеймін.
Айта кетейік, бүгінгі отырыста жолдауды іске асыру, салық, халықаралық қатынастар, прокуратура мен сот туралы жалпы 14 заң жобасы қаралды. Ал жиыннан соң мәжіліс қабырғасында қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысқандарға рақымшылық жасау бастамасы туралы пікірлер де айтылды. Бұған дейін прокуратура 292 күдікті қамауда отырғанын мәлімдеген болатын. Солардың аса ауыр қылмыс жасамағандарына бостандық беру көзделуде. Мамандардың айтуынша, аталған мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Қанат Әбілдин