Теміртау қаласына әлі күнге дейін жылу берілмеген
Жауаптылар осы айдың бірінен бастап шаһар жылумен қамтылады деген болатын. Алайда уәде орындалмады. Қазір жөнделіп жатқан 3-магистарльға Теміртау қаласының 500-ден астам көп қабатты және 1 мыңға жуық жеке сектордағы үйі қосылған. Сондай-ақ 20-ға жуық білім нысаны осы жылу торабында.
Наталья Гефлинг, Теміртау қаласының тұрғыны:
-Үйдің іші мұздай. Біз далада жүргендей киініп отырамыз. Балам ауырып, жаңа ғана ауруханадан келдік. Бәрі электр жылытқыш қосады, салдарынан жарықта өшіп қала беретін болып алды.
Ринат Қыдырбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
-Өздеріңізге мәлім қазір бізде құбырдың тозуы 70-80%. Жағдайлары өте нашар деп айтуға болады. Трубаның жағдайына байланысты бүгін тағы 100 метрді ауыстыруға шешім қабылданып, ол жұмыс бүгін аяқталатын болады. Кешке жылу беру жұмысы басталады, ертең 500 тұрғын үйде жылу беруді бастаймыз.