Шет елдердегі қандастарды қолдауға бағытталған «Ата жолы» картасы енгізіледі
Тың мүмкіндікті жырақтағы қазақтар 2023 жылдың мамыр айынан бастап 3 жылға дейін пайдалана алады. Бұдан бөлек этникалық қазақтардың азаматтық алуы да жеңілдетілмек. Ол үшін Қазақстанға келмей тұрып, елшіліктерге сұраныс жіберу арқылы өз құжаттарын онлайн жолдайды. Барлығы дұрыс болса, көшіп келіп, бірден азаматтыққа өтініш беруіне болады. Жалпы жыл басынан бері елімізге келген 18 мыңға жуық адам қандас мәртебесін алған. Оларды қаржылай қолдау да жалғасады, — дейді жауаптылар.
Ілияс Испанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Квота биыл 1500-дей адамға беріледі. Биылғы жылы квота әлі 100% орындалған жоқ. Енді квотаны біз не үшін береміз? Квотаны мынау жұмыс күші аз, халықтың санын көбейтуге қажетті жерлерге береміз. Бұл субсидия ғой, көмектесу. Егер сол субсидия жетпей, мынау қыркүйек айында квота қажет болса, біз квотаны көбейтуге дайынбыз.