Хабар телеарнасы

Шетелдегі қазақ балалары Бурабайда демалып жатыр

Биыл үшінші жыл ұйымдастырылған этнолагерьге жеті мемлекеттен 250-ден астам бала келген. Оларға қазақтың салт-дәстүрлері көрсетіліп, ұлттық ойындары насихатталады. Балалар қай елдерден келді? Олар қалай демалып жатыр?

Демалуға келген баланың бәрі түрлі байқаулардың жүлдегерлері. Өнерлі өрендер бос уақытында осылай домбыра тартып, ән айтады. Оқушылардың дені Ресей, Өзбекстан және Моңғолиядан келген.

Аллаберген Серікжанұлы, оқушы / Моңғолия:

- Бурабайдағы бұл лагерь маған өте қатты ұнады. Мені таңғалдырғаны мұнда ешқандай шектеу жоқ. Не қалайсың, соның бәрін істей аласын. Тамақтары да әдемі. Бөлмелері мен жатақханасында да барлық жағдай жасалған. Сабақтары да қызықты болады.

Қазақ даласына алғаш қадам басқан оқушылар таңданысын жасырмайды. Кейбірі тіпті атамекенді аңсап келгенін айтады. Қазір балғындар өзара достасып алған. Болашақта араласып тұруға ниетті.

Ұлжалғас Олжабаева, оқушы / Өзбекстан:

- Атамекеніме келгеніме өте қуаныштымын. «Отандастар қорына» көп рақметімізді айтамыз. Барлық бала осы лагерьге келгеніне өте қуанышты.

Лагерьде балаларға Қазақстан тарихы оқытылады. Бұл пәнге қандастардың қызығушылығы жоғары. Әрі түрлі үйірмелер ұйымдастырылып, салт-дәстүр мен ұлттық ойындар насихатталады.

Мұрат Жәнібек, этнолагерь директоры:

- Балаларға қазақы салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды үйретеміз. Ұлттық садақ ату, асық ойнау деген сияқты ойындар өтіледі. Балалар атпен серуенге барады. Одан кейін Бурабайдың табиғатына экскурсияға шығады.

Жалпы этникалық қазақ балаларын қолдау тек осымен шектелмейді. Жыл сайын Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан өзге мемлекеттердегі қандастарымызға атамекенінде білім алуы үшін 3 мыңға жуық грант бөлінеді.

Абзал Балтабаев, Виктор Полянный