Алматылық оқушылар жазғы демалыстарын қала сыртындағы лагерьде өткізуде
Атқа міну, суда жүзу, актерлік шеберлік пен блог жүргізу. Алматылық оқушылар «Avast kids» лагерінде осындай жаңа бағыттағы шеберлік курстарына қатысып жатыр. Олардың жазда тек тынығып қана қоймай, өздерінің түрлі қабілеттерін сынап көруіне мүмкіндік беріліп отыр. Лагерьде демалып жатқан 240 оқушының қатарында балаларды қолдау орталықтарынан барғандар да бар.
Жаз – балалар үшін ең есте қалатын маусым. Әсіресе, табиғат аясындағы демалыс тәнге ғана емес, жанға дауа. Еңбекшіқазақ ауданындағы Avast kids лагерінде балалардың уақытын тиімді әрі қызықты өткізуге барлық жағдай жасалған. Күндізгі сауықтыру шараларынан бөлек, кештерде кинотеатрлар ұйымдастырылады. Тәрбиеші-ұстаздар балалармен сырласуға да уақыт табады.
Раушан Тастанбекова, «AVAST KIDS» лагерінің директоры:
- Осы сезонда «Жанұя» мен «Мейірім» орталығының балалары демалып жатыр. «Мейірімде» жетім балалар бізде, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар. Балалрға өте ұнайды. Күнде сұрап тұрамыз хал-жағдайларын. Біліп тұрамыз, кешке жақын свечка болады бізде. Балалар өзінің ойларын айтады.
Мұнда балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Қазір Avast kids лагерінде 240 оқушы дамалып жатыр. Олардың қатарында «Жанұя» мамандандырылған кешенінен 80 бала және «Мейірім» балаларды қолдау орталығынан 12 оқушы бар. Қала әкімдігі көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларының жазғы демалысына жыл сайын қосымша қаражат бөледі.
Әсем Нүсіпова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
- Қауіпсіздік, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау, балалардың сапалы демалысын қамтамасыз ету мақсатында 12 лагерьде тексеру жүргізілді. Осы мониторингтің қорытындысы бойынша 4 лагерь таңдалған болатын. Оның бірі осы біз тұрған лагерь. Демалыстан соң балалар мектепке көтеріңкі көңіл-күймен оралады деп сенеміз.
Биылғы маусымда барлығы 266 мың алматылық бала жазғы демалыспен қамтылды. Оның ішінде 3 мыңға жуығы қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне кезең-кезеңімен жолданып жатыр.
Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев.