Қазақтың рухын біріктірген Желтоқсан оқиғасына биыл 36 жыл
Олардың қатарында сын сағатта басын қатерге тіге жүріп, таспаға түсірген әріптестеріміз де бар. Өкінішке орай, олар қазір ортамызда жоқ.
Желтоқсан оқиғасынан кейін сот үкімін тыңдап тұрған төрт жігіттің суреті көпшілікке жақсы таныс. Соның бірі Түгелбай Тәшенов. Одан өзгелері Қайрат Рысқұлбеков, Жамбыл Тайжұмаев пен Қайыргелді Күзембаев. 5 жылын тар қапаста өткізген Түгелбай Тәшеновты біреу білсе, біреу білмейді. Себебі бүгінде 61-ді алқымдаған ауыл ағасы желтоқсаншымын деп, еш жерде кеуде қақпаған. Тіпті арнайы куәлігі де жоқ. «Бүгін «Желтоқсан жүрегіме жара салды деп емес, Желтоқсан Тәуелсіздікке жол салды деп қараған жөн», - дейді ол.
Түгелбай Тәшенов, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:
- Желтоқсан не берді халыққа? Желтоқсан сол кездегі демократияның бастауы болды. Желтоқсан көтерілісінің арқасында сол кезде республика өз Тәуелсіздігін алды.
Отаным деп бас көтеріп, елім деп ұран салған жастардың ешқайсысы бұл қадамдары өз тағдырына сызат саларын білген жоқ. Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековпен бір іс бойынша тергеліп, кісі өлтірді деп айыпталған Түгелбай Тәшенов те сот шешімімен 15 жылды арқалап кете барады.
Түгелбай Тәшенов, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:
- Ол іске Қайрат екеумізді тіркеп қойыпты. Қайрат бір ұрған мен бір ұрғанмын. 124 бет приговор, екеуміз ұрып-ұрып өлтіріп тастағанбыз, приговорда солай жазылған да ал негізі біздердің қатысымыз жоқ. Біздер Жамбыл Тайжұмаев, Қайыргелді Күзембаев, Қайрат Рысқұлбеков төртеуміз сот залында таныстық.
«Қазақстан» телеарнасының бейнеқорында қызмет ететін Зоя Яхинаның ызғарлы күндердің таспада қалған бейнесін ауық-ауық қарайтыны бар. Бұл ағасы Рубикжан Яхиннің түсірген кадрлары.«Желтоқсанға қатысу бір ерлік болса, оны таспалап, тергеуде тіс жармай, тарих үшін дәлел қалдыруы екі ерлік», — дейді Зоя апай.
Зулхаят Яхина, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:
- Менің ағам Рубикжан Яхин өзін қатерге тіккен күйде осы пленканың жартысын кесіп алады да оны тығып қояды. Сағат Әшімбаев ол кезде Рабат Жәнібеков деген ағамыз спорт комментаторы болған сол өтініш жасайды, осы пленканы аманаттап, тығып қойыңыз дейді. Керек кезінде өзім сұрап аламын дейді. Рабат ағамыз кезінде өзі пәтерде тұрған Өжет ауылында тұрған түріктің үйінің ағаштың түбіне соны орап, тығып қояды.
Таспадағы құнды кадрлар тек 10 жыл өткен соң ғана, 1996 жылы жарыққа шығады. Елім деп алаңға шыққан азаматтардың арасында Зоя Яхина да болды.
Зулхаят Яхина, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:
- Жастар, барлық үлкен буын бәріміз осы алаңға жиналдық. Мына жерде ол кезде трибуна болатын еді. Сол трибунаның қасына дейін келдік. Ол кезде мен жаңадан тұрмысқа шыққанмын, аяғым ауыр болатын. Оған да қараған жоқпыз. Біздің редакцияда 5 қыздың аяғы ауыр болатын. Бәріміз де сол алаңда жүрдік.
«Бүтіндей бір ұрпақтың жүрегінде ызғары қалған 1986 жылдың желтоқсаны ұмытылмайды», — дейді куәгерлер. Желтоқсанның жапалақтап жауған қары да, шыңылтыр аязы да сол күндерді еске салады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев, Әбен Нарымбаев