Қостанайда Әуежай шағын ауданында коммуналдық апат тіркелді
Жауапты мамандар Герасимов көшесіндегі ақауды қалпына келтіруді таңсәріден бастап, тесілген құбырды дәнекерлеп жатыр. Болжам бойынша үйлерге жылу кешкі сағат сегізден бастап берілмек. Қазір далада тоғыз градус аязды көрсетіп тұр. Мамандар апатты осыдан жеті жыл бұрын төселген жылу трассасының тозығы жетуімен байланыстырады. Ауданда бұрыннан жерасты суының деңгейі жоғары. Соның кесірінен металл құбыры шіріп кеткен.
Нұрлан Көшеков, жылу энергетикалық компаниясы бас инженерінің орынбасары:
- Келер жылы Әуежай шағын ауданының жылу трассасын ауыстыруды көздейміз. Герасимов көшесіне ұзындығы 985 метр болатын политэтиленді құбыр төселеді. Пластик металға қарағанда әлдеқайда көпке шыдас беретіні анық. Осы мақсатта 988 млн теңге жұмсалады.