Қостанайда медициналық орталық ашылды
Қостанайда медициналық орталық ашылды. Жаңа орталықтың басқалардан ерекшелігі: онда хирургиялық бағыттағы бірнеше медициналық қызмет түрі көрсетіледі. Яғни бір жерде бастан-аяқ қаралып, ем-домыңды алып шығасың. Диагностика, операция заманауи ультра дыбысты, лазерлі аппараттармен жүргізіледі.
Қостанайдың «Әуежай» шағын ауданында ашылған медициналық орталық көп салалы емдеу мекемесі. Мұнда тоқ шек, қан тамырлары, қалқанша безі, варикоз ауруларын хирургиялық жолмен емдеуге барынша жағдай жасалған.
Мансұр Қараев, анестезиолог-ревмотолог дәрігер:
-Бізде әрі стационар,әрі амбулатория, әрі ота жасайды. Келіп алып, бір мекемеден, бір клиникадан көптеген көпсалалы мамандар болуы тиісті, әр саладан медициналық қызмет алуға мүмкіндік болады. Ультрадыбысты зерттеу аппараты бар, ФГДС аппараты бар, лаборотриялық зерттеулер жүргізіледі. Ота жасағанда лапроскапиялық аппараттармен жұмыс істейміз.
Стационар 40 орынға есептелген. Екі операция жасау залы бар. Орталықта барлығы 40-50 адам жұмыс істесе, соның үштен бірі хирург дәрігерлер.
Виктор Гаврилов, медициналық орталықтың бас дәрігері:
-Біз жылына екі мыңнан астам операция жасауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде еліміздегі клиникалардың көбі ақылы қызмет көрсетеді. Ал біз міндетті медициналық сақтандыру қорымен тығыз байланыста жұмыс істеп, тегін емдеуге дайынбыз.
Жаңа медициналық орталықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту басым бағыттардың бірі екендігін атап өтті.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
-Осындай орталықтардың ашылып жатқандығы жақсы үрдіс. Қазір ауыл медицинасын өркендетуге де ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл жыл аяғына дейін облыс бойынша 25 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы аяқталып, тапсырылады.
Қостанайдағы жаңа медициналық орталық күніне жүзден астам адам қабылдайды. Алғашқы хирургиялық операциялар да жасалды.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг