Алматыда «Киіз үй» кітабы жарыққа шықты
Авторы – қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызы. Киіз үй туралы жазбалар аз емес. Бұған дейін де ондаған туындыға арқау болған. Бұл кітаптың ерекшелігі киіз үйдің жасалу жолы бүге-шігесіне дейін түгел сипатталады. Қандай ағаштан жасалады? Оны қалай таңдайды? Киізіне қажет жүнді қай кезде қырқып алады? Оны қайтіп басып, пішеді? Қалай өлшейді? Осының бәрін автор ұлттық салт-дәстүрмен байланыстыра отырып түсіндіреді. Оған қоса, үйдің ішін безендіруге арналған өрмек, алаша, ши, басқұр, желбау сияқты қолөнер бұйымдарын тоқу тәсілдері айтылады. Кітап «Атамұра» баспасында басылды. Айта кетейік, Бұлбұл Кәпқызы киіз үйді өзі жасап, ішкі жабдықтарын өзі тоқиды.
Бұлбұл Кәпқызы, «Киіз үй» кітабының авторы:
-Мен сол процестің барлығын өзім жасаймын, кітапта өзім жасағанымды көрсетемін. Бүгінгі таңда Қазақстанда киіз үй жасайтын қазақтың әйелдері бар екендігінің куәсі көрсетіледі. Осыны жазуға менің әжем Қадыби Көңілқызы, анам Аман Мұхамәдиқызының ақыл кеңесі, осы кісіледен алған үлгі-өнегем әсер етті.