Алматылық дәрігерлер қаңтардың қаралы күндерін еске алды
Бұл - жедел жәрдем қызметкерлерінің қаңтар оқиғасынан кейін арада жыл өткенде айтқан алғашқы сөздері. 4 қаңтар күні кезекшілікте болған жас фельдшер Бақдәулет Сейдахан кешкі 9 жарымда алғашқы шақырту бойынша алаңға келген. «Сол күні таңға дейін қақтығыстан зардап шеккендерді жарақаттарына қарай іріктеп, ауруханаға тасыдық», – дейді жас маман.
Бақдаулет Сейдахан, жедел жәрдем қызметінің фельдшері:
- Кімнің жағдайы ауыр бірінші солардан бастап қызмет көрсеттік. Ол жерде ең ауыр жарақат алғандар әскери қызметкерлер болды. Адам өте көп болды. Сол үшін әр жедел жәрдем 4 адамнан, 3 адамнан солай тасыдық. Жарақатының ауырлығына байланысты.
Орталық қалалық клиникалық аурухана қаңтардағы тәртіпсіздік ошағына ең жақын орналасқан медициналық мекеме. Сондықтан қақтығыс кезінде жараланғандардың көбі осында жеткізілді. Хирургия бөлімінің меңгерушісі Қанат Төле 4 қаңтар күні кешкісін кезекшілікте болады. Жарақаттанған құқық қорғау органдарының қызметкерлерін ауруханаға жеткізген кезде қалада сұмдық жағдай болып жатқанын түсіндім», – дейді ол.
Қанат Төле, травматолог-дәрігер:
- Алғашында жеңіл-желпі жарақатпен келіп жатты. Уақыт өте келе оқ тиген, жағдайы өте ауыр науқастардың легі басталды. Бұл ең қорқынышты сәт еді. Екінші қабаттағы жоспарлы операция бөлмесін іске қосуға тура келді. Әрбір операция бөлмесінде ота жасалып жатты.
Дәрігерлердің айтуынша, ең ауыры 5-нен 6-на қараған түні болған. Ауруханаға келіп түскен жаралылардың аты-жөнін нақтылап жатуға уақыт жоқ. «Тіркеу журналдарына тек азиялық, еуропалық деп жаза бердік», – дейді Қанат Төле. Басты мақсат – науқасты аман алып қалу.
Бақдаулет Сейдахан, жедел жәрдем қызметінің фельдшері:
- Қазір енді бір жыл өтіп кетті. Соның өзінде бізге қорқынышты түс сияқты. Отанды қорғап жүрді. Олардың қарап тұрсам ешқандай өзін қорқауға мүмкіндік болған жоқ қой оларда. Келді ұрды, ұрды, аяқ қолдары сынған, басынан ұрған шлемдерін шешіп алып, ауыр ол, ойлаудың өзі қиын қазір.
Ауыр күндер артта қалғанымен, қорқынышты көрініс көмескілене қойған жоқ. «Мұндай сын сағаттар қайталанбаса екен», – дейді ақ халаттылар.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Эдуард Кон