Қант диабетіне шалдыққанандардың қатары көбейіп барады
Қазір аталған дертпен 420 мың адам ауырады. Өкініштісі, қазір ол балалар арасында да белең алған. Бүгінде қазақстандық 5 мыңнан астам жеткіншек осы аурудың құрығына ілініп отыр. Ең қиыны – олардың басым бөлігі жасанды инсулинге тәуелді.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Газдалған тәтті сусындар, фаст-фуд, басқа да тәттілерді көп жеу, семіздікке жол беру. Міне ата-аналар тек осылар ғана қант диабетіне алып келеді деп ойлайды. Алайда аталған дерттің пайда болуына бұлар ғана себепші емес екен. Ендеше ол қандай жағдайлар?
Дәрігерлердің сөзінше, 5 мыңнан астам баланың 300-і ғана осылай дұрыс тамақтанбаудың салдарынан сусамырға ұшыраған. 8 жастағы Айару, диабетке осыдан екі жыл бұрын шалдыққан. Мектеп табалдырығын енді аттаймын деп отырғанда денсаулығы күрт нашарлап, түрлі тексерулерден соң, оның ағзасында қант мөлшерінің тым көбейіп кеткені анықталған. Міне содан бері бала инсулинсіз өмір сүре алмайды. Әрі жеген тамағы мен жүріс-тұрысы, бәрі-бәрі қатаң бақылауда.
Руслана Тілемісова, қала тұрғыны:
- Бұрын күніне 7-8 рет балаға ине шаншып, қант мөлшерін жиі қарап отыратын болсақ, қазір бізге мемлекет қондырғы берді. Ол өзі бәрін тексеріп, қандағы қант көбейіп кеткен жағдайда хабар беріп тұрады. Инсулин де осы арқылы енгізіледі. Өміріміз осылай едәуір жеңілдеді. Әйтпесе қайта-қайта екпе салу оңай емес.
Ал қант диабеті қандай ауру? Ағзада қалай пайда болады? Эндокринологтардың айтуынша, аталған дерттің екі типі бар. Біріншісі, бұл ауто-иммундық ауру. Сусамырдың бұл түрімен ауыратын пациенттерде ағзада инсулин гормонының бөлінуі тоқтайды. Оған себеп болатын бірнеше фактор бар.
Әзиза Әліпова, жоғары санатты эндокринолог:
- Баланың жасанды тамақтануы. Яғни ана сүтімен емес, олар дүкеннен сүтті сатып алып, жасанды тамақтандырады. Содан кейін кішкентай кезінде балалардың, сәби шағында олардың түрлі вирустық және бактериялдық аурулармен жиі ауыруы. Яғни иммунитет, қорғаныс қызметінің төмен болуы.
Күйзеліс пен ауаның ластануы да балалардың қант диабетіне шалдығуының бір себебі болуы мүмкін. Ал аталған аурудың 2 типінде ағзада инсулин гормоны бөліне береді. Бірақ қандағы қант деңгейі жоғары болады. «Міне осы түрі семіздік, қимыл-қозғалыстың аздығы мен дұрыс тамақтанбаудан», дейді дәрігерлер.
Әзиза Әліпова, жоғары санатты эндокринолог:
- Екі түрлі қант диабетінде алдын алу жұмыстары да екі түрлі өзгеше. Бір-бірінен ерекше. Қант диабетінің 1 типінде бұл ауруды 100% болдырмаймын, оны болдыруға болмайды деп айту кішкене қиынырақ. Дегенмен баланы туғаннан кейін ана сүтімен емізу, яғни емшек емізу. Екінші кезекте қорғаныс қабілетін, иммунитетті жақсы сақтау.
Өкініштісі сол бүгінде әлемдік медицина диабеттен толық айықтыратын дәрі-дәрмек таба алмай отыр. «Дегенмен қолда бар препараттарды уақытылы қолданып, қанттың деңгейін бірқалыпты ұстау арқылы ауыр асқынулардың алдын алуға болады», – дейді мамандар.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Таир Мерекенов, Дәурен Жорқабаев