Елде жарты миллионнан аса адам қант диабетіне шалдыққан
Бүгін бүкіләлемдік диабетке қарсы күрес күні. Дүниежүзі бойынша дертке шалдыққандар саны артып барады. Тек елімізде 500 мыңнан астам адам сусамыр диагнозымен тіркеуде тұр. Тіпті соңғы кездері балалардың шалдығуы да байқалған. Ал дертті толық жеңу әзір мүмкін болмай тұр. Мұндай ахуалға алаңдаушылық білдірген медицина мамандары бірқатар алдын алу және сақтық шараларын ұсынып отыр. Ал тиісті министрлік дәрі-дәрмекпен қамтудың жаңа нұсқасын дайындауды қолға алған.
Екатерина Сыскаеваның сусамырға шалдыққанына он жылдан асқан. 20 жастағы бойжеткен қатты күйзелісті басынан өткерген. Соның кесірінен ауруы күрт асқыныпты. Ол қант диабетінің бірінші типімен ауырады. Яғни инсулинге тәуелді. Қантын өлшеп, дәрісін уақытында ішеді. Болашағына зор үмітпен қарайды.
Екатерина Сыскаева, диабет мектебінің емделушісі:
- Менің сусамырмен ауырғаныма 13 жыл болды. Қанттың көтеріліп немесе түсіп кеткенін өзім бақылай аламын. Әрдайым өзіммен бірге инсулин, қант өлшейтін құрал алып жүремін. Далада, көлікте, дәмханада - қай жерде жүрсеңіз де жағдайыңыз нашарлай бастаса, өзіңізге алғашқы көмек көрсете білгеніңіз абзал. Қантты үнемі бақылауда ұстау маңызды.
Қант диабетіне шалдығушылар саны жыл сайын артып барады. Бүгінде әлем бойынша 500 млн-нан астам адам осы дертпен тіркелген. Ал Қазақстанда 516 564 адам сусамыр диагнозымен тіркеуде тұр. Оның 6,5 мыңы – балалар мен жасөспірімдер. Мамандар мұндай көрсеткішті алдын алу шаралары мен скринингтік бақылау бағдарламасының іске асуымен байланыстырады. Ал дерттің басты себептері – артық салмақ пен салауатты өмір салтын сақтамау.
Әсем Қазбекова, дәрігер-эндокринолог:
- Қант диабетіне шалдыққан науқастардағы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша есептің нәтижесі бойынша қамту негізі Алматы және Астана қалаларында жақсы дамыған. Ал басқа өңірлерде өкінішке орай, бұл төменірек. Ол біріншіден, эндокринолог мамандардың аздығына байланысты болуы мүмкін. Өйткені жалпы тәжірибелік дәрігерлер және терапевттер кейбір қант диабетін емдеу бойынша нюанстарды білмеуі мүмкін. Соған да байланысты деп ойлаймыз.
Дегенмен оң өзгеріс те жоқ емес. Емханаларда диабет мектептері жұмыс істеп тұр. Әрі науқастарға қажет дәрі-дәрмек тегін беріледі. Сондай-ақ соңғы жылдары 1-ші типті диабетке шалдыққан балалар мен жасөспірімдер арасында бұрынғыдай асқыну байқалмапты.
Лаура Даниярова, ҚР ДСМ Эндокринология бойынша бас штаттан тыс маман:
- 2022 жылы Қазақстанда созылмалы инфекциялық емес ауру түрлері, соның ішінде қант диабетінің алдын алуға арналған тұжырымдама қабылданды. Ол 5 жылға арналған. Оның аясында дерт бойынша тұрғындарды ақпараттандыру, салауатты өмір салтын насихаттау шаралары жүргізіледі. Бұл өте маңызды. Өйткені соңы мүгедектікке алып келуі мүмкін. Қазір министрлік амбулаторлық ем, дәрі-дәрмекпен қамту бойынша жаңа нұсқа дайындап жатыр.
Адамзат әзірге қант диабетін жеңуге дәрменсіз. Бірақ оны емдеудің жаңа технологиялары енгізіле бастады. Елімізде операциялар да жасалады. Дегенмен дәрігерлер аурудың алдын алу үшін ең қарапайым әдісті ұсынады. Ол – дұрыс тамақтанып, салауатты өсір салтын ұстану.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев