Еліміздегі мектептерде қауіпсіздік күшейтіледі
Мектептерде қауіпсіздік сабақтары өткізіледі. Яғни түрлі жағдайдарда оқушылар абдырап қалмай, дұрыс әрекет ете алуы қажет. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов салалық ведомство жетекшілеріне тиісті тапсырма берді. Бұл кеше Петропавл қаласындағы нөмірі 4 мектепте болған жағдайдан кейін қолға алынып отырған шара. Еске салайық, 13 ақпанда 9 сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ алып кіріп, үш жасөспірімді жарақаттаған еді. Күдікті баланың психикалық ауытқуы болған. Қаскөйді жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер тоқтатты.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі
-Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерге бақылауды күшейту мәселесін қарау керек. ІІМ келісілген ұсыныстарды енгізсін. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алсын. Оқу-ағарту министрлігі ІІМ және ТЖМ бірлесіп қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуі қажет. Балалар әртүрлі жағдайда өздерін қалай ұстауы керектігін нақты білуі тиіс.
Негізінде аталған оқу ошағында 42 бейнебақылау камерасы мен 5 дабыл батырмасы бар екен. Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша жалпы Қазақстанда 7 мың 687 мектеп болса, солардың барлығы бейнебақылау камерасымен қамтылған. Қазіргі уақытта оларды ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосу және ескі камераларды техникалық жаңарту көзделіп отыр. Білім ошақтарының 77% кіруді бақылау және басқару жүйелері, яғни турникеттер бар. Мектептердің 85% лицензияланған күзетпен келісімшарт жасасқан. Ал дабыл батырмаларына келсек, ірі қалаларда орналасқан мектептердің 98% осындай ескерту қондырғысымен қамтылған.