Теміртаудың орталық ауруханасы заманауи медициналық құралдармен жабдықталды
Бағасы қымбат диагностикалық аппаратарды өңірдегі металургиялық комбинат өкілдері өз қаржысына алып орнатқан. Нәтижесінде аурухананың «күйік» бөлімінің мамандары енді науқастарға халықаралық деңгейде сапалы ем-дом жүргізе алады.
Теміртау сынды өндіріс ошақтары көп қала үшін аурухананың заманауи қондырғылармен жабдықталуы аса маңызды. Өткен жылы «АрселорМиттал Теміртау» мен орталық аурухана арасында мемарандум жасалған. Соның нәтижесінде жаңа жедел жәрдем көлігі, көшпелі рентген аппарат, оттегі газификаторы және күйік шалғандарға арналған екі бірдей төсек орыны алынды. Соңғысы оттан зардап шеккендердің дене жарақатын тез емдеуге сеп болмақ.
Марат Гусейнов, травматолог, комбустиолог:
-Жай төсек болған кезде ондағы жаралар жазылмайды, асқынулар болады, ал мұнда жараны желдетіп, бір температураны ұстап тұрады, күйік жараларының тез жазылуына әрекет жасалынады. Бұрын осы үшін Қарағандыға бару керек болған. Енді өзімізде жасай беретін боламыз.
Аталған құрал-жабдықтарды алуға шамамен 200 млн теңге қаржы бөлінген. Комбинат басшылығының мақсаты — халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету.
Владимир Яблонский, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ БАС директоры:
-Бұл құрылғылар тек біздің комбинат жұмысшыларына емес, жалпы халыққа ортақ болады. Осындай мобильді, замануи жабдықтар науқастарды емдеу кезінде тиімділігін көрсетеді деп ойлаймыз.
Жалпы комбинат басшылығы қала тұрғындарының алдындағы әлеуметтік-жауапкершілікті назардан тыс қалдырған емес. Мысалы былтыр осы бағытқа 52 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар