Хабар телеарнасы

Теміртауда металлургтер күні қарсаңында ерекше көрме ұсынылды

Металлургтер күні қарсаңында Теміртаудағы тарихи-өлкетану музейінде көпшілік назарына «Қала ішіндегі қала» атты ерекше көрме ұсынылды. Барлық құнды құжаттар, жәдігерлер мен суреттер экспозиция мазмұнын ашу үшін ерекше стильде қойылған. Қазақстан магниткасының шежіресі, комбинат құрылымы, ондағы өндіріс цехтары туралы мол мағлұмат алуға болады.

Металлургия комбинатында үлкен 7 өндіріс цехы бар. Мына түрлі-түсті сызықтар солардың әрбірін картадан айшықтап тұр. «Келген қонақтар аумағы 700 гектар алып зауытты ойша елестетіп, оның «қала ішіндегі қала» екенін түсінеді», -дейді музей суретшісі Хайниса Мұстафина.

Хайниса Мұстафина, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

- Келушілерге қызықты болу үшін көрмеге металл бағандарды қойдық. Зауыттың қаңқасы алып металл құрылымдардан жасалды. Біраз суреттерді 3Д әсерін беру үшін шамалы алшақ ілдік. Мұның барлығы ерекше үйлесімділік береді.

Көрмені дайындау үшін музейдің ғылыми қызметкерлері 1 жыл бойы ізденген. Олар зауытқа барып, металлургтермен кездескен. Мұнда әр цехтың тарихына қатысты құнды жәдігерлерді көруге болады.

Лаура Қаленова, тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

- Ең басты жәдігеріміздің бірі ол алғашқы қазақстандық шойын. Ол шойын 1960 жылы 3-і шілде күні №1 домна пешінде өндірілген болатын. Келесі экспонат бұл кілт. Ол 4-і домна пешінің кілті деуге болады.

Сырттай қараған жұрт металлургия комбинатының түтіні будақтаған мұржасын ғана көреді. Ал көрмеге келген соң алып зауытта  домна пештері, болат құю, коксохимия сынды көптеген өндіріс нысандары жұмыс істейтіні туралы біліп, жан-жақты мағлұмат алады.

Айнагүл Қадырқанова, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Мен осы қаланың тұрғыны болғаныммен зауытта жұмыс істеген жоқпын. Маған осы экспозиция қызықты және танымды болды. Мен білген жоқпын зауыт осындай үлкен екенін, өзі бір қалашық саналатынын.

Шілденің үшінші жексенбісі - металлургтер күні. Мәртебелі мамандық иелерінің кәсіби мерекесі қарсаңында музей ұжымы құрышты қала тұрғындарына осындай тамаша тарту жасады.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар