Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында маусымдық мал жайылымы ұйымдастырылады

Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында маусымдық мал жайылымы ұйымдастырылады. Қанатқақты жоба әзірге тек 5 ауылда жүзеге аспақ. Бақташылар ерте көктемде елдің төрт түлігін шалғайдағы шөбі шүйгін алқапқа апарып, күзге дейін ұстайды. Осылайша біртіндеп аймақтағы жайылым тапшылығын азайту көзделген. Инфрақұрылымды реттеу үшін қазынадан 95 миллион теңге қаржы бөлінген. Бақташыны тұрғындар өз араларынан таңдайды. Келісім бойынша әр мал үшін ақша төлейді.

Жезқазғанда пияз бағасы 70% дейін қымбаттаған. Өзге де көкөніс түрлерінің бағасын қалыпқа келтіру үшін тұрақтандыру қорындағы өнімдер дүкен сөрелеріне шығарылды. Шараның арқасында пияз бен сәбіз бағасы 30-40% арзандаған. Ал Шымкентте дүкен иелері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын 15% негізсіз көтергені анықталды. Ауыл шаруашылығы басқармасы тұтынушылардың шағымы негізінде 13 дүкенге жоспардан тыс тексеру жүргізді. Бес кәсіп иесіне әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту жасалды. Олардың үстінен тағы шағым түссе 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.

Түркістан облысында «Арт спорт» бағдарламасын жүзеге асыруға 4,6 млрд теңге бөлінді. Мақсат – әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балалардың шығармашылық және спорт үйірмелеріне тегін қатысуын қамту. Былтыр осы бағытқа 1,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Алайда тексеріс барысында кейбір кәсіпкерлердің мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны анықталды. Шын мәнінде үйірмеге қатысуға мұқтаж бүлдіршіндер осылайша мемлекеттің қолдауынан тыс қалды. Сондықтан биыл жауаптылар жобаға қатысушылардың құжатын электронды түрде қабылдамақ.

Ал Оралда волейболдан Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Кубогы үшін турнир өтіп жатыр. Чемпионатқа құқықтық тәртіп әскерінің «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары мен Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлімдерінің командалары қатысып жатыр. Турнир ақпанның 23-іне дейін жалғасады.