Қарағанды-Балқаш автобанының құрылысы кестеден бір жылға кешігіп жатыр
Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін байланыстыратын күре жол биыл мамыр айында тапсырылуы керек еді. Алайда пандемия салдарынан әрі материалдың күрт қымбаттауына байланысты құрылыс жұмыстары біраз уақыт тоқтап қалған. Қазір қайта жанданды. Сонымен жоба қашан аяқталды? Жолаушылар тақтайдай тегіс жолмен қашан жүреді?
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Қарағанды-Балқаш бағытындағы жолдың құрылысы биыл мезгілінен ерте басталды. Себебі жыл соңына дейін автобанды түгел тапсырып үлгеруі тиіс. Ал әзірге жыр болған жобаның тек 70% ғана аяқталған.
Қазір құрылыс басында 300-ден астам техника мен 400-ге жуық адам жүр. Жұмыс 8 учаскеге бөлінген. Бүгінгі таңда екі бағыттағы 726 шақырым жолдың 586 шақырымына асфальт төселген.
Дамир Ошақпаев, жобаның бас инженері:
- Ауа-райы 10-15 градус жылыда уже асфальт салуға болады. Сол енді бастап жатырмыз. Биыл Алла жазса үлгереміз 4 полоса асфальт салып, движение жіберіп. Қазір енді 70% материал уже дайын именно асфальт жұмыстарына. Мостовые сооружение материалы 100% дайын.
Ауқымды жобаның әу бастағы құны 248 млрд теңге. Бұл жобалау-сметалық құжат 2016 жасалған. Алайда одан бері материал бағасы бірнеше есеге өсті. Осыған орай бас мердігер жобаға түзету енгізуді ұсынып, тапсырыс берушіден қосымша қаржы сұраған. Былтыр мемлекеттік аудит жүргізіліп, талаптың орынды екені расталып, құжатты қайта қарауға жөнелткен. Ал әзірге мердігер құрылысқа өз қаражатын құйып жатыр екен.
Мұсабек Манаш, мердігер:
- Жобалау-сметалық құжаттан қазірге дейінгі аралықта материалдардың қымбаттауы 35 пен 50% арасында болып отыр. Біз осы аралықтағы бағаны өзіміздің заказчиктерге, министрлікке айтып, өзіміздің пікірімізді білдірдік. Қазір осының гос.экспертизасы қайта қаралып жатыр. Нәтижесі оң жағынан болады деп сенеміз.
Негізі кестеге сәйкес автобан биыл мамыр айында тапсырылуы керек еді. Алайда пандемия салдарынан әрі материалдың қымбаттауына байланысты жұмыс тоқтап қалып, жоба бір жылға ұзартылды. Енді жауапты мамандар жыл соңына дейін 4 жолақты ашып, қалған қосалқы жұмыстарды келесі жылдың жазына дейін аяқтаймыз деп уәде етіп отыр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар