Жыл басынан бері автобанда 64 жол-көлік оқиғасы тіркелген
Түркістан мен Шымкент арасында электричка қатынасын ұйымдастыру қажет. Бұл екі арада жүріп жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметкерлер мен қалаға келген туристерге тиімді болар еді.
Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков осындай бастама көтеріп, Үкіметке сауал жолдады. Айтуынша, Түркістан облыс орталығы болғалы тасжолдағы көлік ағыны анағұрлым артқан. Бұл өз кезегінде қатынасты қауіпті қылуда. Мәселен, биылғы жылдың 8 айында автобанда 64 рет жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Салдарынан 89 адам дене жарақатын алып, 21 кісі қайтыс болған. Бұған басты себеп – жүргізушілердің жауапсыздығы және жолдың сапасыздығы.
Ұласбек Сәдібеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әсіресе Шымкент пен Түркістан арасындағы жолдың тоз-тозы шыққан. Жол бойындағы сервис те ақсап тұр. Жүргізушілерге де лайықты жағдай жасалмаған. Жол жиектері қоршалмаған. Ақылы жолға қатысты екінші жағдай – бағалар өте қымбат. Шетелдердегі автобан құнымен салыстырғанда, біздегі жүк көлігінің жүргізушілері 3 есе қымбат төлейтіндіктерін айтып, шағымданып жатыр.