Жыл басынан бері 4 мың интернет алаяқтық тіркелді
Олардың 2 мыңға жуығы онлайн дүкендер арқылы жасалған. Жалпы шығын көлемі — 3 млрд теңге. Жедел іздестіру шараларының арқасында соңғы аптада 300-ге жуық қылмыс ашылған. Алматыда алаяқтардың колл орталығы анықталып, Грузия елінің 24 азаматы ұсталды. Шымкентте де қылмыстық топ қамауға алынды. Ал Астанада 26 киберқылмысқа қатысы бар Екібастұз қаласының тұрғыны құрықталды. Сондай-ақ мамандар 15 млн жалған қоңыраулардың да алдын кескен.
Жандос Сүйінбай, ҚР ІІМ криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы:
-3 айда банк қызметкерлерінің атынан 400-ден аса қылмыс жасалды, олардың басым бөлігі азаматтарға онлайн-қарыздарды ресімдеумен байланысты. Осыған байланысты банк немесе полиция қызметкері дербес деректерді сұрамайды және телефон арқылы арнайы шараларды жүргізбейтінін ескерткім келеді.