Жезқазғандықтар әлі күнге дейін сапасыз су ішіп отыр
Жезқазғандықтар әлі күнге сапасыз су ішіп отыр. Қалаға жерасты суын жеткізетін құбыр тозған. Қазір тұрғындар тіршілік нәрін ашық су қоймасынан алады. Оны тазартатын кешен де ескірген. 2021 жылы Президент бұл мәселені 1,5 жылдың ішінде шешуді тапсырған. Одан бері 3 жыл өтті. Халық енді қанша күту керек?!
Жезқазғанның 100 мыңға жуық халқы сапасыз су ішіп отыр. «Ашық су қоймасынан алынатын тіршілік нәрі ішуге жарамайды»,– дейді тұрғындар.
Қолы жеткендер үйдегі кранға сүзгі қойып алған. Ал оған шамасы келмейтін тұрғындар тіршілік нәрін сатып ішеді. Зейнеткер Регина Соломатина: «Краннан ағып тұрған сумен тіпті гүл де суармаймын»,– дейді.
Регина Соломатина, қала тұрғыны:
-Суда жағымсыз иіс бар. Қайнатып ішкеннің өзінде сезіліп тұрады. Сондықтан күнделікті сатып аламыз. Көшедегі сүзгілерде судың литрі 10 теңгеден. Әрине ол біз секілді зейнеткерлер үшін артық шығын.
Жезқазғанға қажет жерасты су қоры 50 шақырым қашықтықта. Үйтас-Айдос деп аталады. Одан келетін құбыр тозған. Президент тапсырмасымен осыдан 2 жыл бұрын жаңадан құбыр тарту жұмыстары басталған. «Құны 16 млрд теңгеден асатын жоба келер жылы аяқталады»,– дейді жергілікті әкімдік қызметкерлері.
Берік Әбен, қала әкімінің орынбасары:
-Үйтас-Айдос су қорынан қалаға дейін құбыр тартылу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 49,8 шақырымы орнатылды. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын табады. Ал енді шаруашылық ауызсу тазарту құрылғысына келер болсақ, бүгінгі таңда реагентті шаруашылық станциясы салынуда. Сорғылар, тұндырғыштар, сүзгілерді күрделі жөндеу және резервуарларды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Екі жоба да 2025 жылдың соңында аяқталуы тиіс. Дегенмен Үйтастан келетін су сұраныстың небары 30% қамтиды. Қалған 70% қазіргідей Кеңгір көлінен алады. Бірақ ол су ең озық әдіспен тазартылатын болды. Гидроцех жаңартудан кейін мемброндық технологиямен жұмыс істейді. Ал тұрғындарды толықтай жерасты суымен қамту үшін, Айдос және Қожамсейіт жерасты су қорын игеру қажет. Ол әзірге жоспар күйінде қалып отыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов