Астанада ауыз су қорының баламалы көзі жасалады
Астанада ауыз су қорының баламалы көзі жасалады. Бұл туралы су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір бас қаланың тұрғындары жылына 90 млн текшеметр тіршілік нәрін тұтынады. Әзірше қолданыстағы су қоймасы бұл сұранысты жауып отыр. Халық санының көбеюін ескерсек, болашақта тапшылық туындауы мүмкін. Оның үстіне жалғыз су қоймасына жиналатын судың мөлшері азаюда. Сондықтан тіршілік нәрін алатын қосымша орынды қазірден ойластыру маңызды.
Нұрлан Алдамжаров, Су ресурстары комитетінің төрағасы:
- Бір нұсқа ретінде Сәтбаев каналынан құбыр тарту жобасы қарастырылуда. Ондағы судың мөлшері Астанада қосымша қор жасауға толықтай жеткілікті. Демек, мәселе біржолата шешіледі. Екінші ұсыныс - Астанада тағы бір су қоймасын салу. Қай үлгі бізге тиімді болатынын талдаудамыз. Бастысы қазір Астанада ауыз су тапшылығы жоқ. Мұның бәрі әртүрлі тәуекелдің алдын алу үшін жасалуда.