Елімізде биыл да құрғақшылық болуы мүмкін
Елімізде биыл да құрғақшылық болуы мүмкін. Ал біз ондай табиғи факторға әлі күнгі толық дайын емеспіз. Президент бүгінгі жиында арнайы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ деп жауаптыларды сынға алды. Айқындалған және жоспарланаған жұмыстар ұзақ орындалуда»,—дейді.
Су — тіршілік көзі. Біз сияқты аграрлық ел үшін осы ресурстың қолжетімді болуы бәрінен де маңызды. Толық деуге келмейді, бастысы шаруаларымыз егінін суару үшін әзірше суымыз бар. Соның өзін дұрыс қолданбай жүрміз.
Қазақстанда 8 су шаруашылығы бассейні бар. Оның жетеуі — трансшекаралық. Яғни көрші мемлекеттерге тәуелдіміз. Ал егін алқаптарының 1,9 млн гектары суармалы. Негізі әлеуетіміз 2,5 млн гектар. Соған тартылған жүйелер тозғандықтан судың 40% далаға кетіп жатыр.
Осы жағдайды түзеу үшін біраз жылдан бері су тұжырымдамасын жасау қажеттігі айтылып жүрген. Сол құжат енді ғана қабылданды. Аймақтарда қазірдің өзінде ондағы міндеттерді орындау жұмыстары пысықталуда.
Мәселен, биыл Қызылорда облысында күріш алқабы бес мың гектарға қысқарады. Бірақ аз егіп, мол өнім алуға басымдық берілмек. Ол үшін қысқа мерзімде пісетін, өнімділігі жоғары күріш тұқымдарын шетелден сатып алуға келісім жасалған. Тамшылап суару технологияларын енгізу бойынша да жобалар бар.
Самалбек Қосанов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:
-Суды үнемдеуге септігін тигізетін дақылдарға көшудің бір қиындығы бұл жерде оның көпшілігі қолмен жасалады. Дақылдарды егуден бастап, жинауға дейінгі аралықтағы механикаландыруға көшкен жағдайда бұл диқандардың бетін бері қаратып, суды одан екі немесе үш, төрт есе аз пайдалануға мүмкіндік береді.
Қазір су үнемдеу технологияларын сатып алуға жұмсалған шығынның 50% мемлекет есебінен өтеледі. Бірақ соның өзінде шаруалар оны қолдануға аса ынталы емес. Сондықтан Үкімет қолдау аясын тағы да арттыруды жоспарлауда.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Біз қазір ауылшаруашылық министрлігімен бірге соны 80% көтеруге, ережелерге тиісті өзгеріс енгізуге жұмыстарды бастадық. 1-2 айдың ішінде жаңа ережені қабылдайын деп отырмыз.
Ал Шығыс Қазақстан облысында тозығы жеткен және қараусыз қалған гидронысандарды мемлекетке қайтару шаралары қолға алынды. Олардың кейбіріне 30 жылдан бері қажетті күтімі жасалмаған. Енді олардың барлығы тексеріліп, егістіктерді суаруға пайдаланылады.
Светлана Леонтьева, Ертіс бассейн инспекциясы бөлімі филиалының жетекшісі:
-Нысандар мемлекет иелігіне өткенде тексерулер басталады. Осы күнге дейін шешімін таппаған күрделі проблемалар анықталады. Жөндеуге қажетті қаражат бөлінеді.
Тұтас Қазақстан бойынша айтатын болсақ су қауіпсіздігін қамту үшін 2026 жылға дейін 20 жаңа су қоймасы салынып, 15 жұмыс істеп тұрған су қоймасы қайта жаңартылмақ. Сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарға жөндеу жасалады. Осы арқылы суармалы алқап көлемін 600 млн гектарға арттыра аламыз.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков