Қызылордада электр желілері жаңартылады
Қызылордада жарық жиі сөнеді. Өйткені өңірдегі электр желілерінің тозығы жеткен. Оның үстіне кеңес дәуірінен қалған ескі трансформаторлар жүктемені көтере алмайды. Жел тұрып, жаңбыр жауса болғаны халық жарықсыз қалады. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында көпжылдық мәселе шешімін таппақ. 2023 жылға Ұлттық қор мен облыстық бюджеттен 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Оған Қызылжарма, Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Қызылөзек, Ақсуат және Талсуат елді мекендеріне электр желілері тартылып жатыр. Қала маңындағы Еңбек, Орбита және Сабалақ саяжайларының да инфрақұрылымы жаңартылады.
Ғалымжан Еркебай, қала әкімінің орынбасары:
- Сапалы электр энергиясын беруге және желді, жаңбырлы күндері кемшіліктерді болдырмас үшін жұмыстар жасалып жатыр. Сонымен қатар облыс әкімінің қолдауымен жыл басында 1,5 млрд теңге Қызылорда электр тарату тораптары мекемесіне бөлініп, қазіргі таңда қала ішіндегі трансформаторлар және желілер қайта жаңғыртуға тиісті жұмыстар жүргізілуде.