Қызылордалықтар ыстық сумен қамтылады
Қызылорда қаласы – орталықтандырылған ыстық су жүйесімен қамтылмаған еліміздегі жалғыз облыс орталығы. Көпқабатты тұрғын үйлерге 80-ші жылдары ыстық су беру тоқтатылған. Осы уақыттан бері инфрақұрылым тозып, істен шықты. Биыл мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен 11 млрд теңге қаржы бөлінді. Қызылордалықтар бұл жобаның игілігін қашан көреді?
Айсалбаевтар отбасы қала орталығындағы мына пәтерде 10 жылдан бері тұрады. Олар суды электр құрылғы арқылы жылытады. Мұндай жабдық әр қызылордалықтың үйінде орнатылған.
Қайрат Айсалбаев, қала тұрғыны:
- Қаламыз ыстық сумен қамтылмаған. Сондықтан су жылытатын құрылғылар сатып алуға мәжбүрміз. Бұл отбасы бюджеті үшін артық шығын. Электр энергиясына тағы төлейміз. Басқа қалалардағыдай үйімізде ыстық су ағып тұрса деп армандаймыз.
Қызылорда қаласына ыстық су беру 1987 жылы тоқтаған. Істен шыққан жүйе ұзақ жылдар бойы жаңғыртылмады. Тек биыл ғана Үкіметтен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарыла бастады.
Медет Усаин, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- 624 көпқабатты тұрғын үй ыстық суға қосылатын болады. Бүгінгі таңда 201-і дайын, 187-сін жасап жатырмыз биыл, жыл соңына дейін бітіреміз, келесі жылы 236 үйге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін болады.
Хасанғали Иманғалиев, «Жылу жүйелері» мекемесі филиалының директоры:
- Кейінгі 3-4 жылдың көлемінде салынған үйлер толығымен ыстық су алуға дайын. Олар енді Құдай қаласа 15-ші қазаннан бастап ыстық су беріле бастайды ол үйлерге. Жылу ала алмайтын үйлер де бар. Ескі, екіқабатты үйлер, өжіресі жоқ үйлер бар ғой, 184 үй бар. Солар ала алмайды.
Екі кезең бойынша жүзеге асатын жобаны келесі жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмухамбет Байдулдаев