Қызылордада арзан сатылуы тиіс 126 тонна көкөніс шіріп кетті
Қызылордада тұрақтандыру қорының мамандары 126 тонна көкөніс өнімдерін шірітіп алған. Жарамсыз деп танылған жүздеген қап картоп, пияз, сәбізді қоқыс алаңына тастаған видеосы әлеуметтік желіде көпшіліктің наразылығын тудырды. Қымбатшылық қысып тұрған шақта азық-түлік құнын тұрақтандыруға арналған агротауарларды сақтап, тұрғындарға нарықтан төмен бағада сатылуына жауапты «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы қызметінен қуылды. Тиісті бақылау жүргізбеген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына да қатаң сөгіс берілді. Ағымдағы жылға 900 млн теңгеге 3,5 мың тоннадай ауыл шаруашылығы өнімдері алынған болатын. Тұрақтандыру қорына кешенді тексеріс жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Азық-түлік те нан сияқты ғой, киесі болады. Таппай қиналып жүр соны кейбір кісілер. Сіздер оны бүлдіріп, апарып полигонға тастайсыздар. Елге түсіндірудің ретін таппай отырмын, қазіргі сіздердің жасағандарыңыздың ешқандай реті жоқ. «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына байланысты Самат Рахметолла сіз ренжімеңіз, алдында да тұрақтандыру қорында кемшіліктер болды. Өкінішке қарай, сенімді ақтамадыңыз, сондықтан қызметтен босатыласыз.