Хабар телеарнасы

Қызылордадағы әуежай қызметінің сапасы артты

Қызылорда облысындағы әуежай жылына 2 миллион жолаушыға қызмет көрсете алады. Ал сапарға шыққан әр жанның құжатын тіркеп, жүгін рәсімдеу – жолаушыларға қызмет көрсету агенттерінің жұмысы. Бұл мамандарға тағы қандай жауапкершілік артылған?

Жолаушыларға қызмет көрсету агенті. Оның күнделікті жұмысы көзге елене бермейді. Құрылым қызметкерлерінің бірі Ғазиза Тойқожа. Азаматтық авиация академиясының түлегі Қызылорда қаласының әуе қақпасында екі жылдан астам уақыт жұмыс істеп жүр. Жолаушыны шығарып салу, күтіп алу кезінде ескерілуі тиіс бұлжымас ережелердің арқайсысы маңызды, - дейді ол.

Ғазиза Тойқожа, жолаушыларға қызмет көрсету агенті:

- Балалы жолаушыларды ең алдымен алып жүреміз. Өздерінің ана мен бала бөлмесі бар, жылаған жағдайда балалар сол бөлмеге апарамыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарды ең бірінші ұшаққа отырғызуға апарамыз. Ең бірінші өтеді ол кісілер және балалы жолаушылар да дәл солай ең бірінші өтеді.

Терминал табалдырығанан аттаған әр жанды ілтипатпен қарсы алып, билетін тіркеп, жүгін орналастырып, ұшаққа отырғанға дейін бәйек болатын мамандардың әр минуты санаулы. Қызылорда қаласында жаңа әуежай терминалы ашылғалы, қызмет көрсету сапасы да арта түскен.

Жұмаш Өткелбаева, қала тұрғыны:

- Күн суық кезде түскен кезімізде бірден автобусқа мінген жоқпыз, траптың ішімен кіргізді. Өте ыңғайлы, керемет, жақсы. Қызметтерін өте жоғары, сапалы түрде орындайды бәрі.

Қызылорда әуежайы бір сағатта 250 жолаушыға дейін қабылдай алады. Тіркеу орындарының көбейіп, жүк тасымалдау жүйесінің жаңғыруы да уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. «Әр сапардың сәтті болуына іштей тілекші болып тұрамыз»,-дейді жас маман. 

Ғазиза Тойқожа, жолаушыларға қызмет көрсету агенті:

- Келіп жатқан 2025 жыл берекелі болсын! Жаңа жыл жақсылықтарымен, қуаныштарымен келсін! Барлықтарыңызға Жаңа жыл құтты болсын! Жолаушыларға сәтті сапар тілейміз!

Сапардың басы әуежайдан басталатыны белгілі. Сондықтан жолаушыларға қызмет көрсету агенттері мамандардың біліктілігін арттыру курстарын үнемі ұйымдастырып отырады.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев