Хабар телеарнасы

Ақмола облысында қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі жалғасады

Ақмола облысында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған алты мыңға жуық адамның есімі белгілі болды.

Олар белгілі қоғам қайраткерлері, дін өкілдері мен ақын-жазушылар. Мәселен, Көкшетаудағы ескі мұсылмандар зиратында қуғынға ұшырап, ашаршылық құрбаны болған дін қайраткері Науан Хазірет, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің анасы Әлия Оспанқызы және ақын Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аян жерленген. Бүгін марқұмдардың рухына құран бағышталып, зират сыртындағы ескерткішке гүл қойылды. Аймақта репрессия құрбандарын ақтау жалғасып жатыр. Арнайы өңірлік комиссия да құрылған.

Аманбай Сейітқасымов, тарих ғылымдарының кандидаты: 
- Біздің міндетіміз осы жапа шеккендер туралы архивтерден, бүгінгі күнге дейін жабық болып келген жерлерден деректер табу. Оларға ғылыми баға беріп, зерттеп, зерделеу. Одан кейін мемлекеттік комиссияға ұсыныс жасау. Қазіргі уақытта біз 456 дін өкілін, 2 мыңға жуық жапа шеккендердің тізімін жасап, қазір Ақтауға ұсыныс беріп отырмыз.