Мемлекеттік Ту мен Елтаңба авторлары ұлықталды
Шәкен Ниязбековтің туғанына 85 жыл толуына орай Еуразия ұлттық университетінде ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға мемлекеттік елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков те қатысты. Көрнекті сәулетші әрі профессор елтаңба ішіндегі кескіндер мен бөлшектердің мән-мағынасын түсіндірді. Университет жанындағы заманауи зерттеулер институтының директоры, геральдист Мұхит-Ардагер Сыдықназаров та келушілерге өз саласына қатысты тың мәліметтер берді. Конференцияға қоғам қайраткерлері, ғылыми интеллегенция және шығармашылық зиялы қауым өкілдері келді.
Жандарбек Мәлібеков, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы:
- Қола дәуіріндегі Ботай заманы. Алғаш рет жылқыны қолға үйреткен қазақ. Сондықтан соларды білдірсін деп біздің елтаңбада тұрған аттар, тұлпарлар содан келіп шығып жатыр. Сондықтан гербтің ішіндегі барлығы біздің мәдениетіміз бен дәстүрімізден туындаған элементтер. Мысалы, ішінде қошқар мүйіз тұр. Ол бекер тұрған жоқ. Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын дегеннен.