Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы ұлттық құрама мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасының спортшыларына Мемлекеттік туды тапсырды. Салтанатты рәсімде мемлекет басшысы сәттілік тіледі, спортшыларға мемлекет тарапынан қамқорлық ешқашан үзілмейтінін атап өтіп, биылдың өзінде жүздеген жаңа нысандар салынатынын айтып, қуантты.

Парижде өтетін төрт жылдықтың басты додасында қазақ елінің намысын сексен спортшы қорғайды. Бүгін олардың дені  Ақордамен  өздері дайындалып жатқан Алматы облысындағы Ақбұлақ Олимпиада орталығынан тікелей байланысқа шықты. Қасым-Жомарт Тоқаев үздіктердің үздігі ғана бақ сынайтын байрақты бәсекеге ел сенім артқан сайыпқырандар бара жатқанын атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:     

- Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды.

Қазақстан спортшыларын құрметтейтін ел. Осылай деген президент спортшыларға қажетті жағдай жасалып жатқанын, қолдаудан құр алақан болмайтынын айтты. Былтыр 70 тей спорт орталығы ашылса, биыл тағы 200 ге жуық нысан салынады.

Ұлттық Олимпиада комитетінде де өзгеріс болып, дайындық штабы құрылды. Басшылыққа белгілі спортшы Геннадий Головкин келді, әр салада осындай өз ісінің майталманы болса ғана нәтиже болады деп атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:     

- Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов, Жақсылық Үшкемпіров, Александр Винокуров, Бекзат Саттарханов, Ольга Рыпакова атындағы спорт нысандары – соның айқын көрінісі. Сіздер де биік белесті бағындыра аласыздар. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгінгі жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен абырой.

Мемлекет басшысы жиналған олимпиадашыларға бүкіл ел үміт артып қана қоймай, қолдау білдіретінін айта келе, мемлекеттік туды бокстан әлем чемпионы, Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады. 

Асланбек Шымбергенов,  ұлттық құрама капитаны:

– Ел намысын абыроймен қорғау, бізге сеніп тапсырылған аса жауапты парыз екенін сезінеміз. Өзімнің атымнан және ұлттық құраманың капитаны ретінде барлық спортшылардың атынан көк байрағымызды Париж төрінде желбіретуге бар күш-жігерімізді саламыз

Жазғы олимпиада жолдамаларына келсек, жиыны 92 лицензия. 254 спорт түрінен 80 спортшы ел намысын қорғайды. Олардың 54-і ерлер, 26-сы әйелдер. 54 спортшы 4-жылдықтың басты додасына ең алғаш рет қатысады. Ең көп жолдама Бокстан, 10 лицензия. Дзюдодан -9 және спорттық гимнастика мен жеңіл атлетикадан 8 жолдамадан бар. Жолдаманы ең көп жеңіп алған өңірлерге келсек, Алматы қаласы 17, Астана 15, Шымкент қаласы мен  Шығыс Қазақстан облысына 10 лицензиядан тиесілі.

Қазақ елінің спортшылары жазғы ойындар тарихында 2012 жылғы  Лондон олимпиадасында ең көп олжа салды. Тұманды Альбионда біздің қыз-жігіттер 7 алтын 1 күміс, 5 қола жүлде алып, медаль саны бойынша жалпы есепте 204 ел арасында 12-ші орынға тұрақтап еді. Ал ең сәтсіз дода әзірге Токио олимпиадасы. Жалпы есепте 83-ші орынды місе тұтып, бірде-бір спортшымыз ақтық сынға шыға алмай, алғаш рет Алаш жұрты алтынсыз қалған еді.

Жапонияның жаңғырығы әлі жадымызда, енді не күтеміз? – деген үмітті ой, қисынды сұрақ көптің көкейінде. Спорт шолушысы Жандос Айтбаұлының айтуынша қазір мамандардың көбі нақты болжам жасауға асықпайды. Арық сөйлеп семіз шығуды жөн көреді. 

Жандос Айтбайұлы, спорт шолушысы:

– Әрине 1-ші кезекте боксшыларымыздан үміт күтеміз. Өйткені жігіттердің арасында 7-бірдей боксшымыз да сен тұр мен атайын жігіттер. Осалы жоқ. Ең бастысы жеребе қалай түседі. Оған да байланысты және қазылар қараулық танытпаса боксшыларымыз бір алтын алып қалуы ғажап емес. Және жүлде кейде біз күтпеген жақтан да келіп қалады. Мысалы Лондон олимпиадасында Александр Винокуровтың тіпті үштікке кіруі екіталай болған. Соңғы бұрылыстардың бірінде басты қарсыластарының барлығы жалп етіп құлап қалды да, бағы жанып олимпиада чемпионы атанған болатын.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Әлбетте 80 спортшымыз Париждегі жарыс алаңдарына шыққанда 20 млн халық елде отырып тақым қысамыз. Бабымыз да келісіп, бағымыз жансын деп тілейміз.  Ел байрағын президент Намысқа шапсаң алысқа шабасың – деп табыстады. Енді Париж төрінде көк тудың жиі желбірегенін күтеміз

Автор: Берік Дүйсенбай.