Биыл жалпы 23,4 млн гектар алқапқа егін егілді
Бұл былтырмен салыстырғанда 68,6 мың гектарға артық. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, 15,6 млн гектар алқапқа масақты дәнді дақылдар, 3,3 млн гектарға майлы дақылдар, 111,4 мың гектарға мақта, 97,3 мың гектарға күріш егілді. Бұл жолы картоп алқабы 6,7 мың гектарға ұлғайтылған. Ал қант қызылшасының көлемі 19 мың гектарға дейін жеткізілді.
Көктемгі науқанында 149,8 мың трактор, 4,9 мыңнан астам жоғары өнімді егіс кешендері, 76 сепкіш болды. Ақпан-маусым айларында литрі 184 теңгемен 419 мың тонна дизель бөлінді. Қазіргі уақытта егін орағын жүргізу үшін дихандарды арзандатылған жанармаймен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатыр. Ал тыңайтқыштарға 31 млрд теңге бөлінген.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
-Егіннің азды-көпті дәл болжамын жасау үшін өскіннің шығу мерзімін күту керек. Қазір алдын-ала факторларды ескергендегі орташа болжам бар. Бидайды алатын болсақ жалпы жиналатын 16 млн тонна деңгейінде болжанып отыр. Астық жаман болмайды.