Хабар телеарнасы

Семейдің бюджеті 85 млрд теңгеге жетті

Семейдің бюджеті 85 млрд теңгеге жетті. Шаһардың инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған қаржы көлемі бірнеше есеге ұлғайды. Қалада құрылыстың да қарқыны артты. Алдағы уақытта қандай жобалар жүзеге асырылады? 

Ұлы ақын есімін иеленген облыстың ресми түрде құрылғанына 1 жыл болды. Дегенмен осы уақыт аралығында өңірде өзгеріс лебі сезілді ме? Облыс орталығы Семейде серпіліс байқала ма?

БЛИЦ
- 1 жыл ғана болды ғой енді. Енді басталып жатыр. Неше жыл, 30 жыл жай ғана қала болдық. Қаламыз өсіп, өркендей берсін! 
- Әлі де жұмыс көп. Жолдарды кеңейтсе екен, өйткені тар. Сондай жұмыстар жүргізілсе. Жаңадан үйлер салынса. 
- Жақсылық болып жатыр ғой. Арбат салынып жатыр. Жолдар түзеліп жатыр. Басқа да жақсы жаңалықтар болады деп үміттенеміз.

Иә, ширек ғасырдан соң қайта түлеген облыста бәрі дұрыс болатынына сеніммен қарап, өзгеріс күтіп жүргендер көп. Ал 1 жылда не өзгерді? Семейдегі үлкен көшелердегі көпқабатты үйлердің қас беті алғаш рет әрленіп, сырланып, жаңа кейіпке ене бастады. Жылы аялдамалар орнатылды. Ертіс өзені өткелінің құрылысы қолға алынды. Кезінде Қазақстанның үш дүркін чемпионы болған «Елім-ай» футбол клубы қайта құрылды. Ал басты жаңалық Үкіметте Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді.

Азамат Қасым, тілші: 
- 25 жылдан кейін облыс орталығы мәртебесін қайта алған Семейде тіпті қарбалас. Шаһардағы ұзындығы 60 шақырым болатын 40 көшені асфальттау басталып кетті. Қаладағы аулалардың жағдайы да мәз емес. 600-ге жуық ауланың 90% тозығы жетіп тұр.

Нұрбол Нұрсағатов, қала әкімі: 
- Қалада 570 аула болса, соның 10% ғана болар-болмас жағдайда. Қалғанның барлығына тиісті жөндеу жасау қажет. Сондықтан да біз 5 жылға өзімізге кешенді жоспар жасадық, осы аулаларды жөндеу бойынша. Бүгінгі таңда 7 ауланы бастадық. Әр апта сайын 5 ауладан қосып отырамыз. Сөйтіп жаз аяғына дейін 70 ауланы жүріп өтеміз. 

Семейдің сол жағалауын дамыту қолға алынды. Жаңа ғимараттардың көпшілігі сонда салынады. Қазір сол маңдағы 43 нысанды сүру жұмысы басталған. Жуырда бұл жерде 1200 орындық жаңа мектептің іргетасы қаланады.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы