Қазақ журналистикасы: өткені мен бүгіні
2 ақпан қазақ баспасөзінің күні болып бекітіледі. Ол туралы Ұлттық музейде ұйымдастырылған көрмеде ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді. Дәл осы күннің таңдалуы кездейсоқ емес. Сонау 1913 жылы 2 ақпанда «Қазақ» газеті апталық басылым ретінде шыға бастаған. Одан бөлек, көрермендер назарына, XIX ғасырдың II жартысынан бастау алатын қазақ баспасөз басылымдарының тарихы, қазақ радиосының дамуы, ұлттық телевизияның жетістіктері жайында ақпарат ұсынылды. Тарихи құжаттар, құнды қолжазбалар, баспа машинкасы, фотоаппарат пен бейнекамералар қойылды. Қарымды қаламгерлер қалыптастырған дәстүрді кейінгі толқын заманға сай, жоғары деңгейде жалғастырып жатыр деп баға берілді.
Сұңғат Әліпбай, ардагер:
-Келген бетте, біраз шолып араладым. Қазақ баспасөзінің тарихында осы уақытқа дейін сақталып қалған құнды жәдігерлер бар екен. Осы жәдігерлерді сақтап, осы заманға дейін жеткізген, сонау қиыншылық кездер болды, халық жауы деп нетіп жатты. Соған қарамастан жәдірегерлерді жинаушы адамдарға, алғысымызды білдіруге болады. Үлкен тарих қой.