Шымкенттік шаруалар жаппай құлпынай өсіруге көшті
Пайдалы кәсіпке ден қойғандар өнім көлемін арттырып, жаңа технологияларды сынақтан өтізіп жатыр. Мегополиске жақын орналасқан шаруашылықтардың бірі - 4 гектар алқапқа жидектің италиялық сұрпын егіпті. Дәмі тіл үйіретін құлпынайдың жаңа түрі ерте көктемнен бастап, қара күзге дейін жеміс береді. Басында өсімдік көшеттері ашық жерге отырғызылған. Бірақ қысқы аяздарда біразы үсіп кеткен екен. Сол себепті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер құлпынай өсірудің жаңа тәсілін енгізді. Ол жидекті туннельде өсіру. Жаңа әдіс жазда күннің көзінен қорғаса, күзде қатты жауын-шашын мен желден сақтайды. Үсікке де ұрынбайды.
Тимур Костин, шаруа қожалығының басшысы:
- Шымкентте ауыл шаруашылық дақылдарын ашық алаңда салудың тәуекелі басым екенін тәжірибе көрсетті. Сондықтан біз өнімді жабық жерде, яғни туннельде өсіруді жөн санап отырмыз. Өйткені шығынға батқымыз келмейді.
Әбунасыр Жанбатыров, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы:
- Кластерлік жобалар негізінде биылдан бастып құлпынай өндірісін дамытуды көздеп отырмыз. Біз бағбандарды қаламыздағы үш бірдей өнім өңдеу кәсіпорындарымен байланыстырамыз. Осының арқасында қалдықсыз өндірісті оң жолға қоюға болады.