Елордада ең ауқымды Kitap Fest кітап фестивалі өтті
Елордада Астананың туған күніне орай ең ауқымды Kitap Fest кітап фестивалі өтті. Оған еліміздегі 30 жуық баспа мен дүкендер өз өнімдерін алып келген. Жәрмеңке аясында түрлі акциялар, авторлармен кездесулер де ұйымдастырылды.
Мәдени шара ЭКСПО алаңында ашық аспан астында ұйымдастырылыпты. Сирек кітаптар, балалар және заманауи әдебиет, проза, поэзия, аударма яғни түрлі тақырыптағы еңбектер әкелініпті.
Аслан Тілегенов, кітап дүкенінің өкілі:
- Астанада жоқ болар деген кітаптарымызды арнайы Алматыдан алып келдік. Әртүрлі тақырыптағы кітаптар. Негізінен көркем әдебиет. Балаларға арналған кітаптар. Ең негізгі бағытымыз – қазақ тілді кітаптар. Әрине, сұраныс бар.
«Шараны өткізудегі басты мақсат – оқу мәдениетінің дамуына серпін беру, кітап нарығындағы түйткілді мәселелердің оң шешілуіне үлес қосу»,-дейді ұйымдастырушалар. Сол мақсатпен жәрмеңке аясында авторлар мен оқырмандардың кездесуі, түрлі тренингтер өткізілді. Сондай спикерлердің бірі кітап талдау клубының жетекшісі Шынар Дәуренбекқызы.
Шынар Дәуренбекқызы, кітап талдау клубының жетекшісі:
- Кітап оқылмайды емес, оқылады. Соңғы 5 жылдықта менің байқағаным мотвациялық, тез бай болу, қалай бақытты болуға болады деген нәрселерді оқып кетті ғой. Бұл тренд басылды. Ендігі тренд көркем әдби шығармаларды оқу, жаңа қаламгер, жазушылармен танысу.
Маманның айтуынша, қазіргі кітап сатып алушының дені 30-60 жас аралығындағы азаматтар. Зейнеткер апамыз Ұлтуған Жұмашқызы оқулық алғанды жаны сүйетін жандардың бірі екен.
Ұлтуған Жұмашқызы, қала тұрғыны:
- Абайтану бойынша екі кітапты қолыма түсіріп отырмын. Әлі де аралап кітап іздеймін ғой. Іздеушісі болса, іздеген табылады деген. Ал өзімде жеке кітапханамда 3 мыңдай кітабым бар.
Майра Әлжанова, Kitap FEST кітап фестивалінің бас үйлестірушісі:
- Ешқандай шектеу қойылған жоқ. Кітап дүкендері өз тарапынан қай кітапты шығарғысы келеді, сол кітапты шығарып жатыр. Бірақ біздің тарапымыздан жеңілдік ұсынылсын деген ұсыныс болды.
Сол ұсынысқа сай мұндағы әр кітап әдеттегіден 20% арзан.
Айта кетейік, отандық баспалар мен дүкендер жәрмеңкеде сату үшін 10 мыңға жуық кітіп әкеліпті.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Нұрлан Малгелдинов