Петропавлда зейнетке шыққан құтқарушы өрт сөндіру дулығаларын жинаумен айналысады
Қазір Болатжан Асқарбековтың қолында 30 жуық арнайы бас киім бар. Тіпті АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Чехия, Ресей, Беларусь елдерінің каскаларын да іздеп тапқан.
Бұл коллекциядағы ең көне каска. Былғары бас киіммен кезінде неміс құтқарушылары өрт сөндірген. Қазір Болатжан Асқарбековтың қолына тиіп, үйдегі шағын мұражайдың төрінде тұр. Ол осындай қызметтік дулығаларды жинауға құмар.
Болатжан Асқарбеков, өрт сөндіру қызметінің ардагері:
- Бұл дулығаның ерекшелігі – үстіңгі қабаты фосформен жабылған. Түнде жарқырап тұрады. Оны маған Германияда тұратын сыныптасым өрт сөндіруші көршісінен сұрап әкелді.
Болатжан Асқарбековтың үйінде онға тарта елдің өрт сөндірушілері киген дулыға бар. Әрқайсының тарихы өз алдына бір-бір хикая. Кейібірін достары сыйласа, енді бірін іздеп жүріп тауып алған.
Болатжан Асқарбеков, өрт сөндіру қызметінің ардагері:
- Дулығаны қолмен ұстап, көзбен көруге болады. Өзі үлкен. Ең бастысы – өрт сөндірушінің қорғаныс құралы. Оның үстіне өзім талай жыл киген бас киім.
Коллекционердің өзі де төтенше жағдайлар қызметінде 20 жыл еңбек еткен. Қарапайым өрт сөндірушіден бөлім бастығына дейін көтерілді. Қазір өмірлік мамандығы бойынша колледже сабақ береді. Сондықтан ол үшін бұл бас киімнің орны бір бөлек.
Болатжан Асқарбеков, өрт сөндіру қызметінің ардагері:
- Мен өрт сөндіруші болып бастағанда осындай дулығамен жүрдік. Ол 1999-2000 жылдар еді. Арнайы бас киім біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етті.
Болатжан Асқарбеков азаматтық қорғаныс подполковнигі. Өрт сөндіру қызметінің ардагері тірнектеп жинаған коллекциясын ешнәрсеге айырбастамайды. Өйткені бұл дүниелерді баға жетпес мұра деп санайды.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков