Атырауда қамысты алқап өртенді
Атырауда бықсып жатқан қамысты алқап бақылауға алынған. 4 күн бұрын Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауынан басталған өрт шамамен 830 гектар аумақты шарпыды. Алғашқы күндері «Ақжайық» резерватындағы қамыс өскен батпақты алқапқа техника жете алмай, өртті сөндіру қиынға соққан болатын. Тек екі күн бұрын тікұшақ көмегімен тілсіз жаудың әрі қарай таралуына жол берілмеді. Қазір елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Ақмола облысында білім беру саласының есепшілері 80 миллион теңгеден астам қазына қаржысын жымқырған. Бұланды ауданындағы балабақша бухгалтері кәсіпкерлерге жалған құжат рәсімдеп, 47 млн теңгені туыстарының есеп-шотына аударған. Ал Степногорск қаласындағы білім ошағының бухгалтері өз шотына жалақы ретінде 36 млн теңге аударғаны белгілі болды. Қос есепшіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар 12 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ал Шымкент қаласында жемқорлардан тәркіленген қаржыға 6 мектеп салынады. Жобалау сметалық құжаттамасы әзірленіп, тиісті мемлекеттік сараптама жүргізілген. 5 мың 500 орындық білім ордасын салуға 13 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Бұл ақшаға 5 мектептің жанынан қосымша ғимарат салу көзделіп отыр. Сондай-ақ, Тельман шағын ауданынан 1200 орындық жаңа мектеп бой көтермек.
Көкшетауда аутизммен ауыратын балаларға арналған лагерь ашылды. Онда 5 пен 18 жас аралығындағы балалар жазғы демалысын өткізумен қатар, ем-домын қабылдайды. Лагерьде логопед, дефектолог, психолог мамандары жұмыс істейді. Қазір онда 10-ға жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Жалпы демалыс орны «инклюзивті ата-аналар» қоғамдық қоры мен жергілікті кәсіпкерлер есебінен ашылған. Бүгінде облыс бойынша аутизм дертіне шалдыққан 538 бала бар.