Хабар телеарнасы

Алматыдағы жол жабындылары заманауи технологиямен төселіп жатыр

Нақтырақ айтсақ, асфальттың беріктігін арттыратын битумның орнын полимер алмастырды. «Осылайша жолдың сапасы екі есеге артады»,- дейді жауаптылар. Қаланың негізгі күре тамыры саналатын Әль-Фараби, Абай даңғылы және басқа да көшелердегі жол жөндеу жұмыстарының бұрыңғыдан ұзаққа созылуы да аталған жаңа технологияға тікелей байланысты екен. 

Аршын Кемелжан, тілші: 
- Абай даңғылындағы орташа жөндеу жұмыстары Достық даңғылынан бастап Тілендиев көшесіне дейін екі бағытта да қазіргі уақытта жүргізіліп жатыр. Бұл жерде жаңа технологиямен жасалған полимерлі төсеме төселген. Қазіргі уақытта жолдың бір бөлігі жабық.

Осы жазда Абай даңғылының 7,3 шақырымына полимер қосылған екіқабатты асфальт төселеді. «Осылайша жолдардың сапасын екі есеге арттырамыз»,-дейді мамандар. Полимерасфальтбетон 150-160 градус температурада төселеді екен. 36 сағатта немесе жабындының температурасы 40 градусқа дейін салқындаған соң ғана пайдалануға беріледі.

Бағдат Телтаев, «Жол ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС директоры: 
- Битумның өзі орташа есеппен асфальт-бетонда 5% ғана. Ал 1,8 %  битумда. Қымбат емес. Ол өзінің беріктігінің артуы арқылы бірнеше есе ақтап алады. Ал егер полимерді пайдаланбасақ, 1-2 жылда мына қазір қоғамдық көліктің салмағы артты ғой осыған байланысты қайтадан ауыстыруға мәжбүр болып отырмыз.

Биыл жалпы ұзындығы 200 км-ден асатын 230 көше орташа жөнделмек. Соның 44 шақырымы немесе 15 магистральдық көше полимерасфальтбетон пилоттық жобасы аясына енген. Мысалы, Әль-Фараби даңғылы бойынша 9,3 шақырым жол жаңа технология бойынша жөнделіп жатыр. Жол жөндеу жұмыстарының жалпы құны – 20 млрд теңге.

Сағындық Телібаев, қалалық мобильділік басқармасының басшысы: 
- Асқаров көшесінен Жароков көшесіне дейін жаңа асфальт салдық. Бүгін де түнде Жароков көшесіне дейін жаңадан реконструкция жасалып жатқан Есентайға дейін Әль-Фараби жабылады. Бүгін түнде асфальт саламыз.

Қаладағы жол жөндеу жұмыстары барысында кептеліc көбейді. Әкімдік қызметкерлері болса уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауын айтады. Көлік жүргізушілері: «Жабық көшелердің кептелісіне түсіп, зәрезап болдық», - дейді.

БЛИЦ:
- Ана жақтан жауып қойып, мына жаққа кіргізбей, сонда мына жерде мынадай болмайтын еді. Бірнші ана жақты жабу керек еді.

- Жұмысты ыңғайымен істеу керек қой. Елге де ыңғайлы, өздеріне де ыңғайлы. Енді өздерінікін істеп, мына жақты қара.

Полимерлі асфальттың бағасы битум қоспадан қымбат еместігін және 10 жылға дейін шыдас беретіндігін айтты. Қала тұрғындарын әбігерге салған пилоттық жобаның беріктігін уақыт көрсетеді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев