Хабар телеарнасы

Түркістан облысында жол апатынан 10 адам қаза тапты

Жансақтау бөлімінде жатқан бір азамат көз жұмды. Ал түрлі дене жарақатын алған 14 жан Бәйдібек аудандық ауруханасында жатыр. Науқастарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін ауданға санавиациямен қажетті медицина мамандары жеткізілген. Бүгін 9:00 шамасында «Екпінді-Созақ» тас жолында үш автокөлік соқтығысып, 9 азамат оқиға орнында көз жұмған. Полиция департаментінің алдын ала болжамы бойынша бір көліктің жүргізуші белгісіз себептермен жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Ал дәрігерлер апаттан зардап шеккен науқастардың жағдайын орташа-ауыр деп бағалап отыр. 

Бексұлтан Рысбеков, Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
-Барлығына уақытылы дене жарақаттарына диагноз қойылып, хирургия бөліміне 9 науқас жатқызылды. Жан сақтау бөліміне 6 науқас жатқызылды. Жан сақтау бөлімінде 1 науқас ота жасау үстінде қайтыс болды. Сол кезекте облыстан медавиациямен тиісті мамандар шақыртылды.