Су тасқынының алдын алу қажет – Әлихан Смайылов
Көктем келген сайын қызыл су басып, елдің есін шығаратынын Үкімет біледі. Енді оны болдырмау үшін ерте қамданғанға ұқсайды. Министрлер кабинеті су тасқынының алдын алу шараларын қарастырды. Өйткені биыл оңайға соқпады. Әсіресе оңтүстік және батыс өңірлерде су бұру каналдары мен арықтардың, тасқыннан қорғайтын топырақ үйінділерінің болмауы жағдайды тіпті қиындатқан.
Төтенше жағдайлар министрі Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында су басу қаупі әлі де сақталып отырғанын жеткізді. Тиісінше Әлихан Смайылов екі апта ішінде халықты су тасқынынан қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындауды тапсырды. Сонымен қатар күздің соңына дейін елді мекендерді қоршау, құбырлар мен арықтарды тазарту, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін тексеру және су бұру каналдарын дайындау керегін айтты.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында дренаждық жүйелер қатты жауын-шашынға төтеп бере алмады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында бұрыннан бар бөгеттер мен топырақ үйінділерін су шайып кетті. Соның салдарынан тұрғын үйлерге су жайылып, олар қирап қалды. Ал Қостанай облысының Шилі ауылында 2020 жылы ғана күрделі жөндеу жүргізілген плотина қирап қалған. Мүдделі мемлекеттік органдар осы жылғы іс-шараларды бақылауды күшейту қажет.