Үкімет: Су тасқынынан келген шығын толық өтеледі
Су тасқынынан келген шығын толық өтеледі. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев тасқынның салдарын жою және шығынды өтеу қалай жүріп жатқанын айтты. Вице-премьердің мәліметінше, бүгінге дейін 30 538 отбасы 369 мың теңге сомасында бір реттік жәрдемақы алған. Тасқыннан зиян шеккен 12 мыңнан астам үй және 18 321 саяжай ғимараты анықталған. Олардың басым бөлігіне техникалық сараптама жасалған. Жарамсыз деп танылған 4 мың 315 үйдің иесіне жаңа баспана беріледі. Сондай-ақ 9 мыңнан астам үй жөнделмек.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
-Өңірлерде 1847 үй мен пәтердің құрылысы басталды. Бұрын пайдалануға берілген 3417 пәтер мен үй сатып алу жоспарлануда. Құрылыс маусымының қысқа болуына байланысты жұмыстарды кешіктірмеу керегіне әкімдердің назарын аударғым келеді. Жаңа оқу жылына дейін зардап шеккендер баспаналы болуы қажет.