Жекелеген жанармай бекеттерінде шектеу болуы мүмкін
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкіметте журналистерге берген сұхбатында Ресейдің Новороссийск айлағындағы мұнай артатын терминалдың қауіпсіздігіне байланысты Қазақстан тарапынан саяси деңгейде реакция болады деп мәлімдеді.
Еске сала кетсек, 2 күн бұрын Новороссийскідегі Ресейдің әскери теңіз базасына Украина тарапынан шабуыл жасалды. Су дроны десанттық кемеден бөлек мұнай тасымалдайтын Сиг танкерін де зақымдаған еді. Сол-ақ екен Ресей сарапшылары әскери шабуыл мұнай экспортына кеселін тигізеді деп мәлімдеме жасады. Новороссийсктің іргесінде қазақ мұнайын Еуропалық танкерлерге құятын Каспий құбыры Консорциумының терминалы бар. Тиісінше әскери шаралардан оған келер қауіп бар ма деген сұрақ туындап отыр.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Айлақ жұмысының қауіпсіздігі мәселесіне келсек, Қазақстан тарапы саяси деңгейде бастама көтереді. Жалпы алғанда терминал қалыпты жұмыс істеп тұр. Бұл жерде қазақ мұнайын сатып алып өңдейтін жаһандық алпауыт компаниялар мен Еуропа мемлекеттері. Олар терминал жұмысының қауіпсіздігіне барынша мүдделі. Бұл қазіргі жағдай. Жалпы мұнай экспортын дербестендіруге келетін болсақ, біздің мемлекет өзге де бағыттарға шығуды қолға алған. Баку-Тбилиси-Жейхан құбырымен қазақ мұнайын тасымалдау туралы келісімге қол жеткізгенімізді білесіздер. Сондай-ақ Баку-Субса бағытына шығу мәселесі де қарастырылып жатыр.
Ал ел ішінде жекелеген жанармай құю бекеттерінде бензин мен дизельге шектеулер болуы мүмкін. Энергетика министрлігінде хабарлағандай бұл шаралар жазғы маусымда жүк және жолаушы тасымалы ағынының көбеюімен байланысты болып отыр. Яғни бұл тапшылық емес, зауыттан жанармай бекеттеріне тасымалдау жүктемесіне байланысты туындаған жағдай.
Айта кетейік, қазіргі уақытта АИ-92 бензинінің жинақталған қоры 260 мың тонна, АИ-95 маркасының көлемі 37 мың, ал дизель отынының қоры 490 мың тонна. Шамамен екі аптаға жететін көлем. Шектеу шаралары болса қыркүйектің ортасы не аяғына дейін созылуы мүмкін.
Талғат Макуов, ҚР Энергетика министрлігі мұнай өңдеу басқармасының басшысы:
- Логистика мәселесін шешу үшін біздер күнде сағат 12-де Қазақстан темір жолы және Индустрия және инфрақұрылым министрліктегі әріптестерімізбен, және КазМұнайгаз, Петросян АЖҚС әріптестерімізбен бірге жиналып, біздер күнде әр вагонның номерін қарап, қай вагон қай жерде тұрғанын қарап, қай уақытта созылып кеткен жоқ па деп, ақылдасып, мәселелерді шешіп отырамыз.