Жылу беру жүйесінде тариф өсуі мүмкін
Жылу электр орталықтары 70% тозған. Мұны ведомство басшысы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, жөндеуге 380 млрд теңге қарастырылған. Оның 95%-і тарифтер мен станция иелерінен алынады. Қалған 20 млрд теңге Үкіметтен бөлінеді.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Қазақстан азаматтары үшін тарифтердің күрт өсуі болмайды, яғни елеулі түрде шарықтамайды. Өсім Ұлттық экономика министрлігі белгілеген инфляциялық дәліз аясында жүзеге асырылады.
Ал Екібастұз, Риддер және өзге де өңірлердегі жылу электр орталықтарында болған апаттар қайталанбауы үшін олигархтардың жауапкершілігін күшейту керек. Мәжілісмендер бірінші оқылымда мақұлданған «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасына осындай түзету енгізуді ұсынып отыр. Апаттардың түп себебі - мекемеге жауапты басшылардың, яғни олигархтардың орталықты жөндеуге өз қаражатын жұмсамауынан болған.
Депутат Бақытжан Базарбек Энергетика министрінен бұл жайлы ұстанымын сұрап еді, Алмасадам Сәтқалиев кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
Жылу энергиясымен жабдықтаушы делдал компаниялардың жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Министр мұндай 150 ұйымның тек 35-і реттелетінін айтты. Сондықтан қалғандарының лицензиясы тоқтайды.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Министрлік өзі бақылау керек. Себебі реттелмейтін делдалдардың тарифін ешкім бекітпейтін. Олар өздері қоятын тарифті. Біздің есебіміз бойынша орташа есеппен әр энергия жабдықтаушы ұйым жылына 1 млрд шамасында таза пайда көреді. 20 жыл бойы жұмыс жасап келе жатқан болар ұйымдар. Сондықтан бұлардың артында үлкен қалталы топтар мен ұйымдар бар.