Көлік жүргізу куәлігін алу қиындай түсті
Жыл басынан бері елімізде 7 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген. Мамандар оның басым бөлігі жүргізушілердің тәжірибесі аздығынан болатынын айтады. Сондықтан бүгіннен бастап жүргізуші күәлігін алу да қиындап отыр. Ол үшін заңнамаға 60 астам өзгеріс енгізіліп, үміткерлерге берілетін тапсырмалар саны артқан. Енді азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы емтихан тапсыруға өтінім бере алады.
Алайда биометриялық сәйкестендіруден өте алмаса, емтиханнан жарты жылға шеттетіледі. Бұрын келесі күні қайта құжат өткізуге мүмкіндік берілетін. Сондай-ақ үміткер бірінші жолы теориялық не тәжірибелік сынақтан құлап қалса, емтиханды келесі күні келіп тапсыра алады. Ал екінші мәрте де жолы болмаса, бір айдан кейін білімін қайта сынайды. Үшінші рет өтпесе, екі айдан соң ғана қайта келуге рұқсат. Тиісінше емтихан өтетін сыныптарда арнайы қондырғылар және бейнебақылау камералары да орнатылады.
Алтынбек Жамалиев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті бастығының орынбасары:
- Енгізілген өзгерістер бірінші кезекте қауіпсіз жүргізу білімі мен дағдыларының деңгейін, оқыту сапасын, емтиханды электронды тапсыру уақыты мен орнын таңдау мүмкіндігі процестердің ашықтығы, сыбайлас жемқорлықты төмендеуіне бағытталған.