Жамбыл облысына қуаңшылық қаупі төніп тұр
9 тамыздағы дерекке сай Талас өзенінің бассейні бойынша Киров су қоймасының көлемі 32,48 млн текше метрді құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көлемнен 145 млндай текше метрге кем. Талас су торабындағы су көлемі коллекторлық сулармен толтырғанның өзінде жеткіліксіз. Аудандағы дақылды алқаптар суарудан ажыратылды. Қордай ауданында да 5 мыңдай га алқапқа келетін су көзге тамызарлықтай ғана. Киров су қоймасынан да су шақтап жеткізілуде. Нәтижесінде Байзақ, Талас, Жамбыл аудандарындағы 4 мың га пияз бен қант қызылшасы алқаптарына қауіп төніп тұр.
Еске сала кетсем, өткен айда 2 күн бойына Қордай, Байзақ және Талас аудандарындағы егіс алқаптарына визуалды бақылау жүргізіліп, Қырғыз Республикасынан келетін суармалы су көлемінің аздығы анықталған болатын.
Гүлмира Имашева, Шу-Талас бассейні инспекциясының басшысы:
- Жамбыл облысы Қырғызстаннан суға тәуелді. Келесі жылдары да су көп болмайды. Біз жылда 550 млн-ға суға қол қоятынбыз қырғыздармен. Биыл 336 млн суға қол қойдық. Енді су аз болады. Мен айтып кеттім ғой 500 млн су болмайды. Жамбыл облысы сол 300-350 млн суға әрекет жасау керек. Суды үнемдеуіміз керек. Капельное орашение болуы керек.
Қырғыз тарапы екіжақты келісімге сәйкес Қазақстанға бөлінетін су көлемінің шынында да азайғанын растап отыр. Көрші елдегі су ресурстары қызметінің бөлім басшысы Гүлмира Сәттімқұлова Қазақстанға су жіберетін Георгиевский магистральді арнасына әуелде келісілгендей секундына 14 текше метр емес, 11 текше метр су ғана кетіп жатқанын қуаттады. Айтуынша, оған Қырғыз еліндегі Орто-Тоқой су қоймасындағы су деңгейінің түсіп кетуі себеп. Мәселен, былтыр онда 130 млн текше метр көлем болса, қазір 28 млн-дай ғана. Яғни Қырғыз тарапына табиғи себепке байланысты Қазақстанға қажетті мөлшерді бөлу мүмкін болмай отыр, - делінген Сәттімқұлаваның мәлімдемесінде.