Кітапхана мен мұрағат қызметкерлерінің жалақысын 20% өсіру мәселесі қаузалды
Биыл мәдениет және мұрағат саласы қызметкерлерінің еңбекақысы екі есе ұлғайтылған еді. 2027 жылға дейін орташа есеппен тағы 20% арттыру көзделген. Алайда бұл тізімге мәдениет саласы мен кітапхана қызметкерлері түгел кірмеді. Осы себепті «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы мәселені тағы көтеріп отыр. Партиялықтар кітапханашы жалақысын мектеп ұстаздарының еңбекақысымен теңестіруді ұсынды. Сондай-ақ педагог-кітапханашы деген жаңа мамандық ашу ұсынылып отыр.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Ұлттық құрылтайда да бұл мәселе негізгі мәселе болды. Мемлекет басшысы тарапынан жалпы мектептегі кітаптың қорының жетіспеушілігі, балалардың кітапханасы секілді жаңа бағдарламалар ашу қажеттігі туралы мәселе көтерілді ғой. Соның аясында, менің ойымша стратегиялық негізде жүзеге асырылуы керек.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, елде 8300 кітапханашы болса, оның ішіндегі жоғары санаттағы маман саны 5 мыңнан асады. Ең жоғары жалақы 126 мыңға жуықтаса, мамандардың қолға алатыны 110 мың теңге. Ал ең төменгі 85 мың теңге жалақы алатындардың қолына тиетіні 67 мың теңге ғана. Болжам бойынша, алдағы үш жылда 6 мыңдай кітапхана қызметкері жетіспеуі мүмкін. Осы ретте маман тапшылығын болдырмау мақсатында биыл грант саны 30% ұлғайтылды.