Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында ауыл халқы газ бен суға жарымай отыр

Ақтөбе облысында Еңбекші ауылының тұрғындары екі жылдан бері газ желісіне қосыла алмай отыр. Ауылда ауыз су мәселесі де өзекті. Көгілдір отын мен су жеткізу үшін былтыр жер қазылып, құбыр тарту жұмысы басталған. Алайда аяғына жетпей, тоқтап қалған. Жұрт алдағы қыста жылусыз қаламыз ба деп алаңдаулы. Елді мекенде 100-ден астам үй мен балабақша, мектеп, клуб және медициналық пункт бар. Тұрғындардың біразы газ келеді деп дайындалып, пешін бұзып тастаған. «Еңбекшіге газ келмесе, оның ар жағындағы Алтықарасу ауылына да құбыр тартылмай қалуы мүмкін»,— дейді тұрғындар. Ал жауаптылар мердігердің жақында жұмысты қайта бастайтынын айтты. 

Сайын Боранқұлов, Еңбекші ауылының тұрғыны:
-Судың да, газдың да хозяинынан бір адам жоқ. Бір айға жуық уақыт болды, ешкім қозғалыссыз тұрмыз қазіргі таңда. Енді біздер амал жоқ, осы шағымымыздың шарасын алып, соған бір нүкте қоятындай мүмкіндік жасаса екен дейміз.

Нұртай Сертаев, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
-Қазан айында іске қосу жоспарлануда. Қазіргі таңда мердігер мекемемен 5,2 шақырым газ құбыры тартылған болатын. Ақтау қаласынан тағы екі шақырым келуде және Ақтөбеден 3 шақырым газ құбыры тасымалдау жоспарлануда. Бүгінгі таңда ауылішілік газ құбыры жұмыстары жалғасын табуда. Бізде Еңбекші ауылы және Алтықарасу ауылы қамтылатын болады.