Хабар телеарнасы

Өнеркәсіп өндірісінде өсім бар

Биыл қаңтар-тамыз айының аралығында Алматы қаласында 1 триллион 304 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі шығарылды. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда, өнім көлемі 21,7% артқан. Әсіресе Алатау ауданының қарқыны мықты.

Тілшілер барған кәсіпорынның бірі — «Казлегпром-Алматы» компаниясы. Фабрика күштік құрылымдарға аяқ киім және әскери киім тігеді. Мұнда 700-ден астам адам еңбек етеді. Жылына 1,5 миллионға дейін түрлі тігін бұйымдары мен 500 мың жұп аяқ киім шығаруға шамасы жетеді. Тауарларындағы қазақстандық қамту үлесінің көрсеткіштері 52-84%.

Олжас Зияханов, «Казлегпром-Алматы» ЖШС директоры:
-Ұзынағашта 150 адамға арналған цехіміз бар қосымша. Біз өсіп жатырмыз және де ол жақтан үлкен 300-400 адамға арналған фабрика салу жоспарымыз бар. Осы күнге дейін 600 миллионға дейін салық төледік. Жылдың соңына дейін миллиард салық төлейтін шығармыз.

Ал «ҚазСПО-N» компаниясы сонау 1996 жылдан бастап киім тігеді. Мұнда тендерден гөрі, еркін нарықта жұмыс істеуге басымдық берілген. Киім-кешектің 500 моделі бар. 7 жылдан бері мамық қыстық куртка тігіп келеді. Оны Ресейдің 40 қаласына экспорттап отыр.

Әбілқайыр Аймұхамбет, кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы:
-Соңғы жылдары Алматы қаласында өнеркәсіп саласында машина жасау саласы жақсы дамып келе жатыр. Жаңа Алатау ауданындағы көрсеткіш осы машина жасау саласымен тығыз байланысты. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 31,7 мың машина жасалды. Салық көлемі 8,7 млрд теңгені құрады.

Жалпы Алматыдағы жеңіл өнеркәсіп компаниялары 10 миллиард теңгенің өнімін шығарған. «Бұл саладағы мәселенің бірі — маман тапшылығы мен көлеңкелі импорт. Осы жәйт шешілсе игі болар еді»,—дейді іскер азаматтар.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сұлтан Бейсекенов